4.04.2016, 11:43
Оқылды: 22

«Ақжайық» айды аспанға шығарып, «Қайратты» ұтып кетті

Vutbol     Кеше премьер-лига командалары арасында ел чемпионатының үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

     Бұл ойында алаң иелерінің бас бапкері, жуырда Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған Талғат Байсуфинов біраз өзгерістер жасады. Қақпа кілтін бұл жолы Нұрболат Қалменовтің орнына Роман Багаутдинов ұстады. Шабуыл шебінде Сергей Гридин шықса, Т.Байсуфиновтың бұрынғы командасы Павлодардың «Ертісінен» келген Захар Коробов, содан кейін Қуаныш Бегалин ойынға қосылды. Ал Бауыржан Исламхан бастаған «Қайраттың» құрамы кілең атақты футболшылардан тұратын еді. Украинаның атышулы ойыншысы Анатолий Тимощук командаға өткен жылдан бері бауыр басып үлгерсе, Ресей ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, кезінде Лондонның «Арсеналында» доп тепкен Андрей Аршавин «Қайраттың» жейдесін киіп, алғаш рет алаңға шықты.


     Бірінші тайм «Қайраттың» басымдылығымен өтіп, алматылықтар бірнеше оңтайлы сәтті пайдалана алмады. Кездесудің екінші кезеңі басталғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ, 48-минутта қонақтардың қақпашысы Владимир Плотников тәртіп бұзып, «Ақжайықтың» шабуылшысы Олег Хромцовты жерге жықты. 11 метрлік айып добын парагвайлық Фредди Коронель торға дәл түсіріп, есеп ашты. Осыдан кейін алаңға шыққан Виталий Ли Андрей Аршавин бұрыштамадан доп берген кезде қақпа алдындағы қарбаласты пайдаланып, таразы басын теңестірді. Алайда 63-минутта А.Тимощук алаңның оң қапталында ойын ережесін бұзды. Осы жерде Ф.Коронельдің дәл пасынан кейін Орал футболының түлегі Руслан Валиуллин допты қақпаға баспен кіргізді. Бұдан кейін де «Қайраттың» есепті теңестіретін мүмкіндігі болды. 83-минутта екінші таймда алаңға шыққан оралдық Иван Антипов өз айып алаңында қолмен ойнап қойғаннан кейін енді «Ақжайықтың» қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Дәл осы сәтте батысқазақстандық қақпашы Р.Багаутдинов камерундық Леандре Тавамба соққан допты қайтарып, ерлік жасады.

     Сөйтіп айды аспанға шығарып, «Қайратты» ұтып кеткен «Ақжайық» алғашқы үш ұпайына ие болып, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Т.Байсуфиновтің шәкірттері келесі ойынын 9 сәуірде өз алаңында төрт ұпаймен бесінші сатыда келе жатқан Көкшетаудың «Оқжетпесімен» өткізеді.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале