13.01.2016, 20:23
Оқылды: 20

Ақжайық ауданында ақпараттық топ мүшелерінің сапары басталды

Elbasi   Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Жолдауын түсіндіретін облыстық және аудандық ақпараттық топ мүшелері Ақжайық ауданы ауылдарында сапарда жүр. Чапаевта олардың тұрғындармен жүздесуі өтті.


 

Бұл шараны аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев жүргізді. Осында БҚО кәсіпкерлік палатасының директоры Кеңес Абсатиров, облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев және бірқатар облыстық атқарушы органдардың мамандары болды.

Жаңа Жолдауға сай кәсіпкерлікті дамытудың бірқатар бағыты жайында Кеңес Ғарапұлы мен Қатауолла Мерәліұлы баяндап берді. Олар елдің әлеуметтік-саяси және қаржылық-экономикалық салаларын көтеруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға Жолдауда баса көңіл бөлінгендігін атап көрсетті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласының ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз мақсатындағы маңызын жан-жақты ашып берді.

Көпшілік тарапынан кездесуде көкейкесті мәселелер тілге тиек болды. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны төмен. Ет, жүн, тері, сүттің бәсі кем.  Бруцеллезге шыққан мал еті  арзан, сондай-ақ оның ақшасы төленіп болмайды. Ауылдарда кооперативтер құру, жерді жекеге алу, т.б. жайлар өзекті ойға негіз болды. Сұрақтарға жауап қайтарылды.

Осы күні БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов пен аудандық ішкі саясат  бөлімінің басшысы Тілек Ғабдушев алғабастықтармен жүздесті.

www.zhaikpress.kz

Өз тілшімізден

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале