21.12.2015, 20:05
Оқылды: 22

Ақжайық ауданында дәстүрлі «Жастық жігер» фестивалі оздырылды

Akjayik jastar akjayik   Ақжайық ауданы жастарының дәстүрлі «Жастық жігер» фестивалі өтті. Бөлім, ұйымдар, ҮЕҰ, ауылдар жетекшілері, студенттер, жоғары сынып оқушылары, тұрғындар өкілдері қатысқан бұл бас қосуда мемлекеттің ауқымды стратегиялық қоры саналатын жас буын өкілдерінің еңбектегі қолтаңбалары, іргелі істері, білімге құлаш ұруы.

Осында жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов дәстүрлі бұл айтулы шарамен және келе жатқан Жаңа Жылмен құттықтап сөз сөйледі.


– Ұлттың ұлы үміті де, тірегі де – жастар. Саналы, білімді де белсенді ұл-қыздары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтуда еліміздің өрендеріне зор сенім жүктегені мәлім. Біздің аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігі төңірегіне жұмылған сіздер сол сенімді сөзсіз ақтайды деп білемін,-деді ол.

Барлық ауылдық округте балауса толқынға тәтті нанның ащы термен келетінін ұғындыру, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін түсіндіру бағытында жүйелі түрде жұмыс жалғасуда. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған «Болашақ», «Жас отау», «Жасыл ел», «Қолжетімді баспана», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары өміршеңдіктерін дәлелдеді. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламаларының шарапатын сезінген жастар аз емес. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының да игілігі ұшан-теңіз. Оның аясында соңғы үш жылда ауданға 200-ден астам жас келді, бюджеттік несие алған 29 жас маман тұрғын үйге қол жеткізді.

Аудан басшысы осындай басқа да деректерді келтіре келіп, мына жайтқа тоқталды. Қазіргі діни ахуал жас буынның сауатын салмақтап, түсініктерін тереңдетуді талап ететіні айқын. Осы орайда аудандық ақпараттық түсіндіру тобы барлық ауылдық округте оқушылармен ой бөлісіп, жастармен жүздесулер өткізуде. Жүргізілген сауалнамалар қорытындысы жас буынның діни сауаттылығының артқандығын, ауданымызда діни ахуал тұрақты екендігін көрсетті. Бірақ бұл жайбарақаттануға негіз емес. Түрлі келеңсіздіктен аулақ болу үшін тегеурінді шаралар үзілмеуі керек.

Күні бүгінге аудандағы мемлекеттік қызметкерлердің 27%-ын жастар құрайды. Белсенді жастарға әрдайым жол ашық. Еңбекке ұмтылған өрімдерге әрдайым қолдау болады.

– Әрбір қыр мен дөңесі шежіре жыр мен тарихи сырға толы жеріміздегі жастық қолтаңба – тұма тазалығының, мемлекетшіл мінездің жарқылы болып табылады,-деді әкім.- Аға буынның абыройлы аманатын Жұбан елінің жастары жауапкершілікпен сезініп, ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіріп, ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында бар күш-жігерін жұмсайды деп сенім білдіремін.

Фестиваль сахнасына мерекелі жылы еселі істерімен, ізденістерімен ерекшеленген жыл үздіктері шақырылды. Оларға естелік сыйлықтар тапсырылды.

«Үздік жас ұстаз» аталымымен Айнагүл Молдашева (Тайпақ орта мектебінің мұғалімі), «Үздік жас қосымша білім беру педагогы» – Қайсар Сисенғазиев (балалар шығармашылығы орталығының үйірме жетекшісі), «Үздік жас спортшы» – Юрий Болдырев (Мерген орта мектепбінің оқушысы), «Үздік жас медицина маманы» – Дәурен Құдесов (аудандық аурухананың жалпы тәжірибе дәрігері), «Үздік жастар жетекшісі» – Мақпал Аухатина (Жаңабұлақ ауылдық округі), «Үздік жаттықтырушы» – Бейбіт Абиров (Тайпақ орта мектебі туризм үйірмесінің жетекшісі). «Үздік жас ақын» – Абылайхан Қуанышев (Құрман Байсықов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы), «Үздік жас көшбасшы» – Динара Амантаева (Құрайлысай ауылдық округіні), «Үздік студент» – Айдынғали Оресов (Ақжайық агротех колледжінің студенті), «Үздік Жайдарман тобы» – «Абай құрамасы» тобы (Абай атындағы мектеп-гимназия шәкірттері), «Үздік жас өнерпаз» аталымымен Айжан Отар («Сымбат» бишілер тобының мүшесі) және «Өз ісінің шебері» аталымымен Досжан Бижанов қошеметтелді.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға үлесі үшін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының Алғыс хатымен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Әлия Шәрапиева, «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Кухаев марапатталады.

Фестиваль құрметіне мектеп оқушылары, көркемөнерпаз жұжымдары өнер көрсетті.

 www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале