15.02.2016, 17:37
Оқылды: 21

Ақжайық ауданында пробациялық бақылау қойылғандар арасынан 23 сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді

Akjayik zandik   2015 жылы Ақжайық аудандық №2 Пробация қызметінің есебінен 51 сотталған адам өтті. Оның ішінде – қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына сотталған 8, бас бостандығынан шектеуге сотталған 37, шартты сотталған 4 адам және белгілі бір қызметпен айналасу құқығынан айырылған 2 адам.


Қолданысқа енгізілген жаңа Қылмыстық кодекске сай, бас бостандығынан шектеу жазасына сотталған, шартты түрде сотталған, түзеу мекемелерінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар және әкімшілік қадағалау белгіленген адамдарға пробациялық бақылау белгіленеді. Үкіметтің Қаулысымен бекітілген пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидасы бойынша да ауданда біраз іс орындалуда. Өткен жылы аталған пробация қызметінің есебінен өткен, пробациялық бақылау қойылғандар арасынан 23 сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді. Оның ішінде 7 сотталған жұмысқа орналастырылып, 4 сотталғанға медициналық көмек, 12 сотталғанға психологиялық көмек көрсетілді.

Есепте тұрған сотталғандар тарапынан қайта қылмыс жасауға жол бермеу мақсатында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүйелі өткізіліп келеді. Алайда, қоғамның үмітін, заңның өздеріне берген жеңілдігін ақтамайтындар ұшырасып қалады. «Ащы судан» ақыры алыстай алмай, ескертулерге құлақ аспай, қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзған К. 2 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан шектеуге сотталған Ж. жаза өтеу тәртібін үнемі бұзғаны үшін, пробация қызметінің ұсынысы бойынша сот қаулысымен бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне жіберілді.

Әрине, есепте тұрған сотталғандардың көпшілігі түзелу жолына түсуге тырысады. Жаза өтеу барысында өздерінің түзелгенін дәлелдеген 4 сотталған сот қаулысымен шартты түрде мерзімінен бұрын жазадан босатылды.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале