29.12.2015, 18:16
Оқылды: 82

Ақжайық ауданында «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Akjayik gilim 01   Өткен күзде Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Қазақ хандығының 550 жылдығына орайлас «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты ғылыми-танымдық конференция өткені белгілі. Аталған шарада тарихшы ғалымдардың, жергілікті өлкетанушылардың аймағымыздың, ауданымыздың жылнамасына қатысты баяндамалары, талдамалық дүниелері тыңдалған болатын.

Енді міне, сол конференция материалдарын жұртқа терең таныстыру үшін аудан әкімі Әділ Жоламановтың қолдауымен «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты кітап қолымызға тиіп отыр. Оған баяндамалардың ең үздіктері енгізілді. Кітап Орал қаласындағы «Полиграфсервис» ЖШС баспаханасынан 500 дана болып шықты.

Аудан әкімінің алғысөзімен ашылған жаңа кітапқа тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы, зейнеткер Әленғали Керейтегінің, т.б. зерттеулері мен ойлы пікірлері енген.

Бүгін  аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимаратында осы кітаптың тұсаукесері өтті.

Akjayik gyliymi 02

- Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» бастамасын біркісідей қолдап келеміз. Тарихымызды терең білу адамдық, азаматтық  парызымыз болып табылады. Отанымыздың – Ұлы Дала елінің шын, шынайы келбеті жасалауда. Осыған орай Жайықтың екі қапталын мекен еткен ата-бабаларымыздың еңбегін, ерлігін таразылау, өлкенің өткенін танып-білу, оны боямасыз, бүкпесіз келер ұрпаққа аманаттау – елдігімізге сын. Жұбан елінің терең тарихы бар. Сол бойынша өткен тарихи-танымдық конференцияның біз үшін маңызы орасан зор,- деді аудан басшысы осында жиналған көпшілік алдында.

Кітапты құрастырушы, журналист Бақтығали Қоспаев, авторлар – «DАNА каz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, М.Өтемісов атындағы негізгі мектеп жанындағы «Жерұйық» музейінің жетекшісі Жәнібек Әбілпейісов, ақын Сағынтай Бисенғалиев және Бударин ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсима Құлетова сөз алып, жаңа кітап туралы толғамдарын ортаға салды.

Akjayik gilimi 03

Атырабымыздың, ауылдарымыздың ғасырлар қойнауындағы тіршілігінен, аға ұрпақтың ғұмырынан осыған дейін бірнеше басылым жарық көргені мәлім. Мына жаңа кітап та тарихи жадымызды байытуға қызмет жасайды.

Жиналғандар ауданның басты кітапханасының кең залына қойылған өлке туралы бұған дейінгі зерттеулер, әдебиеттер, ежелгі жазбалар мен күні бүгінге жеткен фотосуреттермен танысты.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале