14.10.2015, 9:07
Оқылды: 30

Ақжайық ауданында 52 бала вакцинациядан тыс қалып отыр

 

вакцинацияБұл туралы Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов өткізген қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысында айтылды.

Алдымен ішкі саясат бөлімінің басшысы Тілек Ғабдушевтің аталған кеңес жұмысының барысы, алға қойған мақсаты жайында жасаған хабарламасында ауданның 18 ауылдық округіндегі қоғамдық келісім кеңестерінің мерекелер жылындағы қам-қарекеті, 11 ҮЕҰ-мен тығыз байланысы кеңінен әңгімеленді.

Т.А.Ғабдушев ілгері істермен қатар осалдықтар туралы да айтты. Кейбір ауылдардағы кеңестер өз мақсатын толыққанды орындамауда, яғни төрағалар мен мүшелері жауапкершілікті толық деңгейде сезінбей келеді. Сондықтан тұрғындар арасындағы ішкілікке салыну, ауыл тазалығына нұқсан келтіру секілді келеңсіздікпен күрес бірсыпыра жерде жоққа тән. «Үлгілі отбасы», «Спорттық жанұя» секілді шараларды ұйымдастыру, кәсіпкерлікті насихаттау секілді істерді өрістету егер жұмылып кетсе, ешқандай қиындыққа түспейтіні мәлім.

Отырыста аудандық орталық аурухананың директоры Дархан Хайрушев өз хабарламасында екпе алудан бас тартып жүргендер мәселесі аса қынжылтатынын баяндады. Осыған ауылдардағы қоғамдық келісім кеңес мүшелері, жанашыр азаматтар назар аудармаса, болар емес. Қазір ауданның Чапаев, Қабыршақты және Алғабасында барлығы 16 отбасында 52 бала вакцинациядан тыс қалып отыр. Ұғындыру жұмысы жүргізілгенімен, екпенің түрлі инфекциядан қорғайтыны әке-шешелердің қаперіне кірер емес. Бұл жерде теріс діни түсінік бой көтеріп тұр. Ал әлемде жыл сайын түрлі сырқаттан көз жұматын адамдардың үштен бір бөлігінің өлімі жұқпалы кеселдерден келуде. Дәрігерлердің, сауатты дін қызметкерлерінің, басқа да мүдделі жандардың атсалысуымен қатар денсаулық сақтауға қоғамдық келісім кеңестерінің үлесі өте қажет. Отырыстағы бұл сөз барлық кеңеске жеткізілетін болады.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале