27.11.2015, 10:44
Оқылды: 49

Ақжайық ауданының орталығында «Оралмандардың бейімделуі және оларды қоғамдық өмірде қолдау» тақырыбында жүздесу өткізілді.

Akjayik oralmandarmen jymis   БҚО ішкі саясат басқармасының тапсырмасы бойынша «Оралмандардың бейімделуі және оларды қоғамдық өмірде қолдау» тақырыбында Ақжайық ауданының орталығында жүздесу өткізілді.

Осында жиналған оралмандар және аудандық мекеме, ұйымдар өкілдері алдында «Қазақстан Аграриялары» РҚБ төрағасы Менболат Сахметов сөз сөйледі. «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев оралмандар мәселесін ұдайы назарда ұстауда. Соның арқасында, мыңдаған қандастарымыз ата-баба жеріне аяқ басты. Олар Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «100 нақыт қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру жөніндегі істерге барынша ат салысуда»,-деген ол республика көлемінен мысалдар келтірді.


Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Ерболат Сағынов оралмандарға жасалып жатқан қамқорлық жайын қаузады. Оралмандық мәртебе алғаннан кейін азамат кез-келген бағдарламаға қатыса алады. Мысалы, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасылар үшін кейіннен сатып алумен жалға алуға болады.

Жеке кәсіпкерлікке бастама көтергендер де әрине, тиісті қолдауға ие болады. Е.Сағынов өз кәсіптерін қолға алушыларға жан-жақты кеңес берілетінін әңгімеледі.

Ақжайық ауданы бойынша Жанна Рахметоллақызы төмендегідей мәліметтерді тілге тиек етті. Ауданға көшіп келген 50 отбасында 232 адам бар. Соның ішінде жұмысқа жарамды жасындағы – 126 адам, 18 жасқа толмаған балалар саны – 88. Мектеп жасында – 62 бала, зейнеткер – 13, мүгедек – 4. 12 оралман жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен Чапаевтағы агроколледж жанынан тегін аспаз, дербес компьютер операторы мамандығын алды. Соның 8-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2 адам оқуға жолданды. Күні бүгінге жұмысқа жарамды азаматтардың ішінен 68 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Араларынан 5 адам несие алды. Барлығы да тұрғын үймен қамтамасыз етілген, баспана салуға 8 отбасына жер телімі берілді.

Оралман Ирғали Пирманов оралмандардың жеке құжаттарында Өзбекстан елінде тұрған кезде қате толтырылғандары кездесетінін, мұны түзету қиындық тудырып отырғандығын айтты. Ал оралман Қуанышбек Селеуов 2014 жылы көшіп келген інісі күні бүгінге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендігін көлденең тартты. Сұрақтарға жауап қайтарылды.

www.zhaikpress.kz

Ақжайық ауданы

Бекем БЕКҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале