12.06.2015, 17:33
Оқылды: 23

Ақжайық ауданының әкімі ауысты

Akjayik aikm auisti     Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Әділ Жоламанов Ақжайық ауданының әкімі болып тағайындалды.

12 маусымда облыс әкімі Н.А.Ноғаев Ақжайық аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, депутаттарды ауданның осыған дейінгі әкімі Н.Т.Төреғалиевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты бұл лауазымнан босатылғанынан хабардар жасады. Сонымен қатар ол аудан әкімі лауазымына Ә.Т.Жоламановты ұсынды. Бұл ұсыныс бірауыздан мақұлданды.

Осыдан соң аудан активі өтіп, облыс басшысы Елбасымыз Нұрсұлан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау жолында Нариман Төреғалиұлының халықпен етене болып, барлық мүмкіндікті пайдаланғанын, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз еткенін әңгімелеп, оған шексіз ризашылығын арнады.

Н.Ноғаев осыдан соң жаңа әкімді аудан активіне таныстырып, Әділ Тауфиқұлының осыған дейінгі қызметінде біліктілігімен көзге түскенін, жаңа лауазымында да ел мүддесі үшін атсалысатынына зор сенімін білдірді.

Ақжайық аудандық мәслихатының хатшысы Дәулетжан Жақсыбаев, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Ғиззат Ихсан, еңбек ардагері Иван Еремин ауданды басқарған 3 жылдан астам уақытта Нариман Төреғалиұлының үлкен істерге бастамашы, ұйтқы болғанын баяндады, оған алдағы уақытта да қызметте, өмірде мол жеміс тіледі. Олар ауданның жаңа басшысына риясыз көңілден жүрекжарды тілектерін арнады.

Н.Т.Төреғалиев 2012 жылдың көктемінен бастап өзіне үлкен ауданды басқаруға зор сенімі үшін облыс басшысына алғысын айтты, өткен кезеңде ауқымды істерді, мемлекеттік бағдарламаларды бірлесіп орындауда мүдделілік танытқан барлық ақжайықтыққа шын жүректен алғысын арнады. Ол ауданның жаңа әкімінің жауапты қызметіне сәттіліктер тіледі.

Актив мінберінен сөз алған Әділ Жоламанов облыс басшысына зор сенімі үшін шексіз ризашылығын айтты.

- Алда ауқымды жұмыстар тұрғанын және жауапкершілікті жақсы түсінемін. Халықпен бірге жұмыла жұмыс істеуге сендіремін,-деді Әділ Жоламанов.

www.zhaikpress.kz

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале