17.12.2015, 18:29
Оқылды: 30

Ақжайық ауданы орталығында екінші жеке балабақша ашылды

 akjayik ekinshi balabaksha  Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта бұған дейін жекеге тиісілі «Аяна» атты мектепке дейінгі балалар мекемесі пайдалануға берілген болатын. Ал бүгін міне, осындай екінші – «Жібек» балабақшасы ашылды. Оның иесі – Зарина Нұрматова.


«Жібектің» ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Әділ Жоламанов бұл жағымды жаңалықтың тәуелсіздік мерекесімен тұстас келуінің бейнелік мәні бар екенін айтып, осында елдің болашақ тағдырын қолға ұстайтындар сапалы білім, саналы тәрбие алатынына зор сенімін білдірді. Ол осындай мекеменің кәсіпкерлікке тиісілі болуы мемлекет пен жекеше серіктестігінің керемет мысалы болып табылатынын, бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауынан туындайтын міндетке әбден сай екенін баяндады.

З.Нұрматованың айтуынша, балабақшаға 1 – 4 жасқа дейінгі 20 сәби келді, ұл-қыздарын осында әкелуге тілек білдіргендер әлі де аз емес, тағы 10 сәби қабылдауға мүмкіндік бар. Уақыт талабына сай осындай іске кірісуіне өзіне көмектескен аудан әкімдігіне, тиісті ұйымдарға ол ризашылығын арнады. Зарина «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы несие алуға дайындалып жүргенін де айтты.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале