19.06.2015, 9:14
Оқылды: 19

Кездесу пікірталасқа айнала жаздады

ZH

Облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин және облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі Айбек Нығмет Шыңғырлау ауданындағы Ащысай ауылдық округіндегі басылым оқырмандарымен кездесті.

Ауылдағы мәдениет үйінде өткен емен-жарқын жүздесуде қос басылымның қазіргі жай-күйі, ұстанып отырған бағыт-бағдары және соңғы кездері газет беттерінде жарық көрген көкейкесті тақырыптардағы мақала-материалдар әңгіме арқауына айналды.  Сонымен қатар бір ғасырға жуық тарихы бар қос газеттің Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды қалың бұқараға жеткізудегі, түсіндірудегі, қалың бұқараны адал еңбекке жұмылдыру, халықтың денсаулығын нығайту бағытындағы шаралар мен жат діни ағымдардардан ел-жұртты сақтандырудағы ақпараттық-насихаттық жұмыстарының жайы баяндалды.

Оқырмандармен пікір алмасу барысында басылымның мазмұн-сапасын жақсарту бағытындағы ой-пікірлер айтылды. Әсіресе, облыстық қос газеттің арзан сенсация қумайтыны, басты бағыты мемлекеттік саясатты дер кезінде жеткізуге, елдің көкейінде жүрген түйінді түйткілдерді тарқатуға, ауыл-аймақтың дамуындағы жылт еткен жаңалық-жақсылықты көрсетуге ұмтылатыны патша көңіл оқырмандардың назарында екен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы кездері жарық көрген журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Шұжықтан шыққан шу», Гүлсезім Бияшеваның «Бэби-бокс» қажет пе?» және жасөспірімдерді салауатты өмір салтына, денсаулықтарын күтуге үндейтін бірқатар мақала санаға салмақты ой салады.

Ауылдағы «Қазпошта» өкілі Маржан Шерердің айтуынша, ащысайлықтар ешкімнің нұсқауынсыз-ақ «Орал өңірі» газетінің 66 данасына жазылған. Қос басылымды сүйіп оқитын оқырмандар осы округте де жеткілікті. Сондықтан «Журналистерді екі аяғы асырайды» демекші, газет тілшілері  бұл ауданның Орынбор облысымен шектесетін шалғай ауылдарының тыныс-тірлігін көрсету үшін жиі ат ізін салып тұрғаны абзал.

Осылайша оқырман қауыммен жүздесуде ащысайлықтар  «Орал өңіріне» жазылуда қамшы салдырмайтындарын айтып, көңіл марқайтты.

www.zhaikpress.kz

Гүлнар ШӘҢГЕРЕЙ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале