17.02.2016, 10:27
Оқылды: 49

Ақсай қаласында «Ауған ақиқаты» атты шара болып өтті

Borli Audan   Соғыс, зұлмат соғыс қашанда елге қасіретін көрсетіп, зар жылатты. Сонау 1978 жылдың сәуір айында Ауғанстанда төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды.

Ана баласынан, ел ерінен айырылған бұл соғыста көптеген қазақстандықтың да өмірі қиылды. Сол соғыстың қиаметін көріп, қасіретін тартқан бүгінгі ардагерлеріміздің ерлігін жас ұрпақ мақтан етері сөзсіз.


Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай Ақсай қаласында «Ауған ақиқаты» атты шара болып өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев қатысып, сөз сөйледі. «Аналарды перзентінен айырған мыңдаған жерлес бауырларымыз қаза тапқан қасіретті де қайғылы ауған соғысы аяқталғанына 27 жыл толып отыр. Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерігі ел есінде сақталуда. Біз еліміздің сол соғысқа қатысқан ұлдарын интернационалдық борышын адал атқарғандығы деп құрмет тұтамыз. Өмірлерін құрбан етіп, ерлік үлгісін көрсеткен барлық кезеңдегі қаһарман жауынгерлеріміздің есімін ұмытпақ емеспіз. Олардың ішінде ауған жауынгерлерінің ерліктерін ұмытпау өскелең ұрпақтың қасиетті міндеті. Жастарды отансүйгіштікке баулу, патриоттық тәрбие берудің бір тармағы ауған соғысы ардагерлерімен өтіп жатыр. Сіздердің осы игілікті істеріңізге табыс тілеймін. Бейбіт отбасының шаңырағын шайқалтқан қасіретті соғыс енді болмасын» - деген Азамат Сафималиұлы аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Э.Шыңғалевпен бірге бірқатар Ауған соғысы ардагерлерін «Еңбегі үшін» медалімен марапаттады.  Кеуделеріне медаль таққандардың қатарында А.Камалов, Х.Кутлугильдин, М.Ерғалиев, Р.Насыров, ЕСариев, Қ.Шәріпбаев, М.Танашкив, Р.Насыров, С.Сұлтанғалиев, Ж.Бектемиров, Ю. Аноко, Р.Серазутдинов, С.Рамашев және В.Поповтар бар. Шара барысында ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлер қоғамының төрағасы Жетпісбай Бектемиров сөз алып, ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, ардагерлерді құрметтеп, жас буынды патриоттық тәрбие беруге атсалысып жүрген азаматтарға алғысын айтып, аудан әкімінің орынбасары Ж. Қаналинді, аудан әкімінің аппарат басшысы М.Давлетжановты, Александров ауылдық округінің әкімі З.Мурзағалиевті, Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Н.Хайранбаеваны, «Ақсайжылуқуат» МКК директоры Ж.Құрманқұловты, «Ақсайспецмонтаж» ЖШС директоры Ш.Рабаевты, Бөрлі орыс мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі В.Зубковты және Орынбор қаласының губернаторы Василий Каламинді медальмен және алғыс хатпен марапаттады.

Шара барысында мәслихат хатшысы Аділхан Куликешев сөз сөйледі. «... Ауған жерінде қазақ та, орыс та, украин да оққа ұшып жатты. Сол елде жүрген жауынгерлер бір атаның баласындай болып, ұлт пен ұлысқа бөлінбей, майданның азабы мен ауыртпалығын бірге тартып, достық пен татулықтың не екендігін ұқты. Интернацоналдық бауырмалдық сол соғыста қалыптасты... » - деген Әділхан Куликешев ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлер қоғамының төрағасы Жетпісбай Бектемировке депутаттар атынан алғыс хат тапсырды.

Аудандық демалу орталығының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Онда «Сенім» триосы, соғыс және еңбек ардагерлерінің халықтық хоры, «Ару» тобы, Самал Діңғалиева, Берік Тасимов, Эдуард Садықовтар өнер көрсетті.

Шара соңында Ауған соғысында елі үшін аянбай қасық қаны қалғанша тер төгіп, қаза болған жауынгерлердің ата-аналары,аудан басшылары, ардагерлер мен оқушылар интерноцонал жауынгерлерге арналған ескерткіш тақтаға барып, жауынгерлерді еске алып, гүл шоқтарын қойды.

www.zhaikpress.kz

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале