26.02.2016, 14:26
Оқылды: 22

Ақсай қаласында әдеп нормалары талқыланды

Borli adeptilik normalar   Бөрлі ауданы Ақсай қалалық әкімдікте дөңгелек үстел өтіп, онда «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің»  маңызы мен мәні түсіндірілдіп, талқыланды.


Қала әкімі Ж. Ермұқанов жүргізген бұл басқосуға көп жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен зейнеткер М. Ақтауов, сондай-ақ бірнеше бөлімнің басшылары мен мамандары қатысты. Алдымен сөз кезегі зейнеткер М. Ақтауовқа берілді. «Мемлекеттік қызмет – өте ауыр әрі қиын. Мемлекеттік қызметке кірерде ант берген әр қызметкер сол антына сай қызмет ету қажет. Бұл жұмыс емес, қызмет. Яғни халыққа қызмет етеміз. Мемлекеттік қызметкер әрбір ортада әрдайым үлгі бола білу керек», - деген Мұқанбетқали Қуанышұлы мамандар өздерінің қабылдауына келген әр адамға біліктілік танытумен қатар, мәдениетті болу да қажет екенін баса айтты. Жас мамандардың да алдыңғы буын ағалардың сара жолын жалғап, мемлекеттік қызметтің атына кір келтірмей еңбек ететіндеріне сенім білдірді.

Сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы О. Басимова да Әдеп кодексі туралы өз ойымен бөлісті. Он төрт жылдан астам уақыттан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан Ольга Махметовна мемлекеттік қызметкерлер үшін талап та, міндет те көп деп, әр ұжым икемді жұмыс жасау қажет деді. Сонымен қатар осы кодексте көрсетілгендей, «мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық көріністерін жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптау анықталған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс» екенін айтты. Өзінің бұл күнде зейнет демалысындағы И. Измағамбетов, О. Бовкун, М. Ақтауов секілді мемлекеттік қызметкерлермен жұмыстас болғанын ерекше құрметпен айтты. Зейнеткердің айтқан ақыл-кеңесін құп көріп, алғыстарын білдірген Қ. Шарипов, Е. Қазжанов және Р. Салманова секілді түрлі бөлім басшыларының бірі мұндай басқосулар жиі болып тұрса деген ойын айтса, екіншісі мемлекеттік қызметтің сапасы арта беруін тіледі. Сонымен қатар бұл қызметке кіріскендеріне көп жыл толмаған бұл қызметкерлер Әдеп кодексінің үшінші бөлімінде айтылған қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарының маңызды екенін атап өтті.

Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарында қолданысқа енгізілген кодекстің мәтіні мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетіндей жерде орналастырылу қажет деген Жеткін Ермұқанұлы бұл әдептілік нормалары әркімге түсінуге ыңғайлы жазылғанын айтып, дөңгелек үстелді қорытындылады.

www.zhaikpress.kz

Ясипа РАБАЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале