19.06.2015, 18:57
Оқылды: 31

Ақ желеңділер марапатталды

marapatСалтанатты шара барысында өз істеріне адалдық танытып келе жатқан ақ желеңділерге әртүрлі марапаттар тапсырылды.

«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі облысқа белгілі дәрігерлер Жанна Ділманова, Ғабит Әжіғалиев, Гүлсім Дәулетбаева, Наталья Кошелеваға табыс етілді.

«ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне Мағаз Сүйіндіков, Евгения Белая, Индира Әмірова, Татьяна Ким, Меңдігерей Досқалиев, Аружамал Қартқожақова сынды бір топ дәрігер ие болды.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің Құрмет грамотасымен, министрдің алғысхатымен ұзын-саны 15 дәрігер марапатталды. Олардың қатарында Гүлнар Әуелбаева, Қымбат Құбаева, Азамат Саметов, Ольга Хегай бар.

Салтанатты шарада Ұлы Отан соғысы және медицина саласының ардагері Алевтина Митрохинаға ерен еңбегі мен ерлігі үшін «Ержүректілік пен қайырымдылық» төсбелгісі табыс етілді.

Облыстық денсаулық саласының дәстүрлі «Таңдау» байқауы аясында «Кәсібіне адалдығы үшін» аталымы бойынша облыстық клиникалық аурухана санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Мырзағалиев, фармацевтика саласында облыстық жұқпалы аурулар ауруанасының фармацевті Сисенғали Ісжігітов үздік атанды.

«Медицина саласындағы инновациялық технологияларды оңтайлы пайдаланғаны үшін» аталымына Марат Жұмабаев ие болды.

«Адам өміріне араша болып, сәтті ота жасағаны үшін» аталымымен Жанайдар Қазтуғанов, Ерлан Оразымбетов, Марат Жұмабаев, Мұхтар Мақауов, Марат Ерәлиев марапатталды. Айта кетейік, бұл дәрігерлер бір жыл бұрын аяғынан қатты жарақат алған Жәнібек ауданының Азамат Кәкімов есімді 15 жасар тұрғынына күрделі ота жасап, тек өмірін ғана емес, жасөспірімнің аяғын да аман сақтап қалған болатын. Бүгінде ол екі аяғымен жер басып, оңалту шараларынан өтуде. Сахна төріне көтерілген Азамат өміріне араша болған дәрігерлеріне өзінің шексіз алғысын айтты.

Облыс тұрғындары арасында жарияланған «Пациент дауысы» әлеуметтік сауалнама жобасы нәтижесінде Орал қаласы бойынша облыстық клиникалық аурухананың қарқынды хирургия бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Жаишев, ал аудандар бойынша Шыңғырлау аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Мирболат Хамзиев ең үздік дәрігер деп танылды.

www.zhaikpress.kz 

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі» 

Суретті  түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале