9.08.2016, 16:02
Оқылды: 98

Ақ орамал - аманатқа адалдықтың белгісі

Шыңғырлау ауданында отбасын құрып жатырған Жанат Исановтың жары Аяулымға ауданға сыйлы батыр ана, «Алтын алқа» иегері Талшын апа ақ батасын беріп, дәстүрдің жолы, салтымыздың сәнді салтанаты- ақ орамал тақты.


ақорамал

Күнделікті дәстүріміздің озық көрінісі саналатын ақ орамал тарту үрдісі Елбасымыздың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитінде жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қолдау мақсатындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» республикалық акциясын бастауымен де ерекшеленіп отыр.

Акция мақсаты қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру.   Дәстүр-салтымызда аналардың аппақ орамалы бейбітшіліктің, татулықтың  белгісі. Ақ орамалды аттап өту- ананың басынан аттап өтумен тең саналған, жауласқан, қандасқан тараптардың  арасына тасталған ақ орамал даудың арты ынтымақпен, жақсылықпен бітуіне себеп болған.

Философиялық мағынасында ақ түс - адамзат өмірінің негізі- ананың ақ сүтінің түсі, сонымен қатар, ақ түс- абыройды, ізгілікті, аманатқа адалдықты да білдірсе керек.

Міне, осындай ізгілікті мақсат еткен Ассамблея акциясы аясында жас отбасы-Жанат және Аяулым Исановтарға ауданымыздың АХАТ қызметінің бас маманы Әлия Имашева неке куәлігін тапсырып, «Алтын алқалы» ардақты Талшын апа жас келінге аппақ орамал тартып, ақ батасын берді.

Акция аясында жас босанған аналарға перзентханадан шығару кезінде ақ орамалдар тарту ету, көп балалы ардақты аналардың қолымен жастардың некесін тіркету, үйлену, құда түсу тойлары кезінде жас келінге ақ орамал сыйлау, жастарға ақ орамалдың қадір-қасиеті мен тәрбиелік мәні туралы тағлымды әңгімелер айтып, инабатты келін, ибалы ана болуға үндеу  қадамдары жасалмақ.

Қаршыға Асу

Шыңғырлау ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале