19.11.2015, 11:01
Оқылды: 50

Аңқатылықтар Алексей Черекаевты ардақтады

UngarbekovАңқаты ауылдық Мәдениет үйінде ВАСХНИЛ академигі, Социалистік Еңбек Ері Алексей Черекаевты еске алуға арналған шара өтті. Аталмыш шараға облыс орталығынан Алексей Васильевичпен қызметтес болған, көзін көріп, сөзіне тамсанған азаматтар мен ел ағалары қатысты.


Алдымен қонақтар  аудандағы іргелі қожалықтардың көш басында тұрған, А.Черекаевтың ізі қалған «Айсұлу» шаруа қожалығын аралады.

Алексей Черекаев Жаңақала ауданына қарасты Мәштексай ауылында дүниеге келген. Еліміздің мал шаруашылығының гүлденуі және өсуі жолында аянбай тер төккен азамат «Чапаев» ет совхозының бас мал дәрігері қызметінен бастап, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, нағыз еңбектің үлгісін көрсеткен еді. Өз уақытында Аңқаты асыл тұқымды мал зауытында директор болып, қазақтың ақбас сиырларының өсуіне де елеулі үлес қосқан. 2010 жылы өмірден өткен Алексей Черекаев халықтың жадында өз ісінің шебері, ақкөңіл жан ретінде есте қалды.

zalМәдениет үйінде өткен еске алу шарасына жиналғандар Алексей Черекаев жөнінде естеліктерімен, жылы лебіздерімен бөлісті. Олардың қатарында ақын А.Нәріков, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы М.Оңғарбеков, профессор, 90-нан астам ғылыми еңбектің, 4 монографияның авторы, Жәңгірхан атындағы БҚАТУ ректоры болған Қ.Бозымов, Ресей Федерациясынан арнайы келген марқұм Алексей Васильевичтің інісі Н.Черекаев, «Айсұлу» шаруа қожалығының басшысы М.Зайнуллин, Теректі ауданының құрметті азаматы А.Попов, Аңқаты ауылының сыйлы ақсақалы Б.Нығметовтер болды.

narin saziҚарапайымдылығы мен халыққа деген ерекше махаббаты арқылы есте қалған азамат жөніндегі бейнеролик те өте тартымды шықты.

Облыс орталығынан арнайы келген «Орал», «Нарын сазы» фольклорлық ансамбльдері, «Калинка» ансамблі, сондай-ақ Т.Жексенбаев, Б.Ахметова сынды жергілікті әншілер тағылымды кештің ажарын аша түсті.

Шара барысында А.Черекаев есімін ауылдағы мектепке беру туралы ұсыныс та айтылды.

 www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале