10.10.2016, 11:29
Оқылды: 17

Базарқұдықтағы басқосу

 %d0%b1%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d1%80%d2%9b%d2%b1%d0%b4%d1%8b%d2%9b%d1%82%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d0%b1%d0%b0%d1%81%d2%9b%d0%be%d1%81%d1%83 Жаңақала ауданы «Бірлік мал зауыты» ЖШС-нің базасында, аудандағы шаруа қожалықтары мен серіктестік басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысқан келелі кеңесте ветеринария ғылымының докторы, профессор Әліби Баяхов қой шаруашылығы, асылтұқымды қой шаруашылығын құру тиімділігі қақында тәлімді дәріс оқып, практикалық жұмыстар жүргізді.


  Келесі күні Көпжасар ауылдық округіндегі «Муса» шаруашылығының базасында асылтұқымды сиыр малдарын өсірудің тиімділігі мен өсіру жолдарын саралаған, осы іске ынталыларға теориялық та, практикалық та көмек, бағдар беретін кеңес ұйымдастырылды.

   «Муса» шаруа қожалығы 2005 жылы құрылды. Сол кезде қожалық есебінде 1500 гектар жайылым жері, 30 бас сиыры, бір ескі МТЗ-80 тракторы бар аудандағы көп шаруашылықтың бірі ғана еді.

  Қожалық басшысы жаңашыл, көзі ашық Тілеген Мусиннің асылтұқымды мал өсіруге ден қоюына, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін  жете ұғындырып, қолдау көрсеткен аудан басшыларының да септігі аз болған жоқ.

  Қысқасы, текті малды өсірудің тиімділігін жете түсінген Тілеген Мусин осы іске мықтап ден қойды.

  2013 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан облыстық филиалы арқылы өңірімізде алғашқы болып АҚШ-ның етті бағыттағы 124 бас герефорд сиырларын, 2014 жылы Қостанай облысынан етті бағыттағы 398 бас абердин-ангус сиырларын сатып алды. Қазір бұл қожалықта 503 бас асылтұқымды сиыр,19 бас бұқа, жаңа алты МТЗ-80, 82,1, 892,2 тракторлары мен шөп шабу, буу, тасымалдау, басқа да техникалары бар, 30 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ауданда бірінші болып Базарқұдық қыстауына қуаты 20 квт, Қонақай қыстағына қуаты 13 квт, Жиенқұм қыстағына  8,5 квт жел мен күннен электр энергиясын өндіретін құрылғылар қондырып, игілігін көруде. Биыл қожалық алғашқы рет бірінші категориялы 108 бас герефорд төлін сатуды жүзеге асырды. Қорытып айтқанда, аталмыш қожалықтың көрсетері де, үлгі етері де мол.

  Асылтұқымды сиыр малын өсіруге арналған келелі кеңестің осы жерде өтуінің осындай себебі бар-ды.

  Кеңесте ветеринария ғылымының докторы, профессор Ғайса Абсатиров шаруа қожалықтарында асылтұқымды мал өсіру және ветеринариялық жұмыстарын жүргізу қақында дәріс оқып, асылтұқымды малды әкелгеннен табынға қосқанға дейінгі бағу, күту, жұқпалы аурулардың алдын алу, емдеу жұмыстарын әңгімеледі. Түске дейінгі өткен теориялық дәріс түстен кейін практикалық жұмыстарға ұласты.

  Бұл кеңесті ұйымдастырған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданындағы филиалы болатын.

  Кеңес жұмысы соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға арнайы сертификат берді.

  Бұл кеңестің қатысушыларға берері аз болмады деуге әбден болады. Оны осы кеңеске қатысушылардың пікірінен аңдадық.

Т.Жақсығұл, «Жақсығұл» шаруа қожалығының басшысы:

  -Малмен көзін ашқан ауыл адамымыз ғой. Мал жайын бір кісідей білеміз деп есептейміз. Десе де, текті малдың тиімділігіне көзіміз жете түскендей болды. Оны бағып-күтудегі, жұқпалы аурулардың алдын алудағы өзіміз байқамай жүрген олқылықтарымыздың  орны толды деп есептеймін. «Муса» шаруа қожалығының жұмысы да үлгі боларлық...

Мұндай пікірді басқа қожалық басшыларының ауыздарынан да естідік.

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале