10.10.2016, 11:39
Оқылды: 20

Байланыс торабының басшысын не алаңдатады?

????????????????????????????????????

 Бүгінде «Қазпоштада» жаңалық көп. Бұл туралы оның Ақжайық аудандық пошта торабының басшысы Тұрдығали Ақсеев сүйсіне әңгімелер еді. Айталық, «Сәлем, теңге!» жедел аударымын пайдаланушылар қатары барған сайын қалыңдауда. «Қазпошта» салықтың жеті түрі бойынша төлемді тегін қабылдайды. Бүгінде зейнетақы, жәрдемақы, жалақы алу үшін ашуға болатын пластикалық карталардың меншікті желісі бар. «Вестерн юнион», «Юнистрим» халықаралық аударымдары да қабылданады және төленеді. Заманың басқа да жақсылығы аз емес. Биылғы мамырдан бері аудан орталығында және Базартөбе, Алғабас, Ілбішін, Тайпақтағы бөлімшелерден 500-ден астам теміржол билеттері сатылды.


Пошташылар, бөлімшелер басшылары смартфондармен қамтамасыз етілген. Немесе мына мысал: көп ұзамай Есенсай мен Құрайлысайда модульдік пошта ғимараты салынады.

Ал мерзімдік басылымдардың жұртқа кешіктірілмей жеткізілуіне қатысты Т.Ақсеевті мазалайтын мәселе жеткілікті. Кейбір бөлімше басшыларының орнына басқа кісілер іздестірілуде. Өйткені, істі алып жүре алмайтындар кездесіп қалады. «Қазпоштаның» мемлекеттік акциясы 100 пайыз болғанымен, байланыс торабтарын мысалы, «Дипломмен – ауылға!» секілді бағдарлама маңына жолатпайды. Сондықтан кадрға қатысты іркілістер болып тұрады. Жұрт газет-журналдың апарған жерінде жатып қалатынын расын айтқанда, кешіріп жүр. Аудан орталығының өзінде уақтылы апарылмай қалатын күндері болады.

Дейтұрғанмен, Т.Ақсеевтің айтуынша, соңғы жылдары тұрғындардан «Газет-журналды мезгілінде алмаймыз»,-деген айқай әбден сейілді деуге болады, биыл тіпті ешқандай шағым жоқ. Аптасына ведомствалық және жалдамалы 8 көлікпен Орал – Чапаев аралығында пошта тасымалы 6 күн, ауылдарымызға 4 күн жүргізіледі. Жалдамалы қызметкерлердің де бәрі тәжірибелі, жолдың небір қиындығында шыңдалғандар. Шындығына келгенде, өткен ғасырда да болды, бұл ғасырда да мерзімдік басылымдардың кейбір ауылға кешікпеуі мүмкін емес. Жайықтың сол жағалауын айтпай-ақ қояйық, оң беттегі Орал – Атырау күрежолынан 8 ауылға бұрылатын және анау шалғайлау жатқан Алғабас, «1 Май», Жамбыл ауылдарына апаратын жолдармен жауын-шашында көлікпен жүру нағыз азап, көлік жүрмейді де.

Мерзімдік басылымдарға қатысты байланыс торабының басшысы солардың данасына алаңдаушылығын да айтар еді. 18 ауылдық округі бар ауданда мәселен, қазір білім саласына қажетті 98 атаулы (әдістемелікті қосқанда) басылымдардың тек қана 1515-ін ғана алдырамыз екен. «Ұят қой, ал мұғалім қаншама. Мұны ауылдарда айтудай-ақ айтып келеміз. Бізді құптайды, болды, ал іс жоқ. Сондай-ақ биыл «Балдырған» журналының 804-іне, «Ұлан» газетінің 390-ына ғана жазылым хатталған. Ұл-қызды сонда қаншама игіліктен құр қалдырып отырмыз»,-дейді.

– Облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің ғасырлық тойы жақын. Қазір аудан жұрты «Орал өңірінің» 1585-ін, ал «Приуральенің» 409 данасын алдырады. Мерейтойлық жылға жазылымды еселеп жіберсек, қалай? 9225 ауламыз ғой біз. Алдыңғы толқын аға-апалар жастарға өнеге болса, қане. Оқитын дәуір ғой бұл. Әнеу бір елдерде газет-журналдан, кітаптан айырылып қалмау үшін жанталасқан қимыл бар. Интернет дегенің олардың «қолына су құя алмайтынын» ақылды адамдар қайта-қайта дәлелдеуде. Ендеше, біз де осыны қаперлейік,-дейді және байланыс торабының басшысы.

Еркін РАЙ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале