20.05.2016, 10:25
Оқылды: 19

«Баланы - жастан»

Terekti oner    Теректі аудандық Мәдениет үйінде «Жас әртістер» үйірмесінің мүшелері тұрғындар назарына есеп беру кешін ұсынды.

   Бұл үйірме ақпан айында Құрманғазы атындағы саз колледжінің машықкерлері -Ә.Амангелдіұлы, Е.Елемесұлы және Т.Нұроллаұлының - жетекшілігімен құрылған болатын.


     Жас өрендер сахна шымылдығын талайдың санасына ой салып, жүрегін тебіренткен, жанарына жас ұялатқан «Аллаға телефон соққан бала» қойылымымен ашты. Анаға деген махаббат,  балаға тән аңғалдық пен пәктік бейнеленген сюжеттің қоюшы-режиссері – Елдос Елемесұлы.  Одан соң Шұғыла Амангелдінің орындауындағы «Мама» әні, қазіргі заманғы жастар биі мен «Иван Царевич и Кощей бессмертный» комедиялық қойылымы көрерменді таңқалдырып, бір серпілтіп тастады.

     Сонымен қатар жас әртістер «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманын, репрессия құрбандарын, Ұлы Жеңістің ұлы жаңғырығымен жеткен тәуелсіздік таңын би құдіретімен халыққа жеткізді.

    Екінші бөлімде аудандық мәдени демалыс орталығының басшысы Мәулет Жұбатов таланттарға ақ тілегін айтып, машықкерлерді Алғыс хатпен марапаттады. Ал, аталмыш орталықтың әдіскері Гүлмира Төлегенова болса, үйірмеде үш ай бойы актерлік шеберлігін жетілдірген жас дарындарға сертификат табыс етті.

      Жас болса да, ата-бабамыздың басынан өткерген нәубет жылдары, Аллаға Тағалаға сенім, балалық шақтың қызығы мен шыжығын және махаббатты қамтыған кеш көңілімізден шықты. Болашақ әртістердің қадамына риза болдық.

www.zhaikpress.kz

Аягөз БАҚТЫҒАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале