4.02.2016, 12:00
Оқылды: 23

Балғын балуандар Республикаға жолдама алды

 Kyress  Орал қаласында қазақ күресінен 1999-2000 жылы туған ұлдар мен қыздар және 2001-2002 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Дүбірлі жарысқа 430-дан астам балуан қатысып, бақтарын сынады.


    Соның ішінде жаңақалалық қос жаттықтырушы А.Ишанов пен З.Батыров баптап апарған балғын балуандар бағы мен бабы қатар шауып, ауданға абыройлы жүлделермен оралды. Атап айтсақ  Райымбек Жұмағұлов (+73 келі), Нұрлан Жұмағұлов (50 келі), Мәди Өтегенов (55 келі), Санжар Ғинаятов (55 келі),  Айдар Нәсіпқалиев (66 келі), Сағадат Сүндетовтер (+73 келі)тамаша өнер көрсетіп, III орынды олжалап оралды. Ал, бір ғана қарсыластарына жол берген Бурхан Мұса (64 келі), Гүлмира Хомиченко (57 келі),  Саламат Сүндетов (72 келі), Аянбек Шариповтар (42 келі) күмісті қанжығаларына бөктерді. Финалда жерлестеріміз Ақбота Есентаева (52 келі) мен Амандық Қадыров (60 келі) белдескеннің белін бүгіп, небір мықтыны алып та, шалып та жығып, қарсылас шыдатпай, алтыннан алқа тағынып, жеңістің ең биік сатысынан көрінді.

Ауданымызда күрес түрлері соңғы жылдары қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда республикаға көлеміне балуандарымыз танылып жүр. Алла қаласа таныла да бермек...Бес бірдей балуанымыз Тараз қаласында наурыз айында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алды. Олар қыздар арасында Ақбота Есентаева, Гүлмира Хомиченко болса, ұлдар арасында Амандық Қадыров, Бурхан Мұса, Саламат Сүндетовтер.

Сонымен қатар, аудандық спорт мектебі ұжымы осы жарысқа демеушілік білдірген жеке кәсіпкер Хамит ағаларына алғыс айтып, зор ризашылықтарын білдіреді.

www.zhaikpress.kz

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале