14.03.2016, 17:54
Оқылды: 25

Барша теректіліктерді аталмыш мерекемен құттықтады

 Terekti korisu akim  Көрісу (Амал мерекесі деп те аталады) — Қазақстанның батыс өңірінде ғана сақталған қазақтың ежелгі дәстүрі. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек календары бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырьш, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді.


Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Осы орайда Ардагерлер үйі алаңында аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев барша теректіліктерді аталмыш мерекемен құттықтады.

-Үлкендердің тәрбиесін көріп өскесін Көрісу мерекесі менің жаныма етене жақын. Бұл күні барлық өкпе-реніштер ұмытылып,  жас пен кәрі төс түйістіріп амандасып жатады. Бала кезімізде үй-үйді аралап, ата-әжелердің батасын алуға асығушы едік. Бүгін міне көненің көзіндей болған ақсақалдарды және ақ жаулықты аналарымыздың басын қосып, бата-тілектерін есту үшін осы жерге жиналып отырмыз. Ардагерлер үйін ашқан сәтте жас пен кәрі пікір алмасып, рухани байлық алатын жерге айналсын деген мақсат болған. Сол арманымыз орындалып жатыр. Барша ағайынға саулық, елімізге тыныштық, Елбасымызға амандық тілеймін,-деді аудан басшысы өз сөзінде.

Сөз сөйлеп, тілек айтушылардың қатарында аудандық мешіттің бас имамы Х.Сыдиықов,  аудандық ардагерлер алқасының төрағасы С.Қоқашев, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы М.Төлегенов, ардагер ұстаз Қ.Сәбитұлы, зейнеткер Л.Лымарева болды. Мерекеге жиналушылар ақтан дәм татып, ыстық бауырсақтардан ауыз тиді.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале