4.10.2016, 11:34
Оқылды: 21

Баспасөзбен байланыс бәсеңдемейді

????????????????????????????????????

  «Жайық таңы» газетінің қызметкерлері оқырман қауыммен күзгі кездесулерін жалғастыруда. Ақжайық агротехколледжінде өткен кездесуде мұғалімдер, тәрбиешілер мен студенттер өз ойларымен бөлісті. Ұл-қызға дәуір талабына сай тәрбие мен білім беруге атсалысқан ұжым мерзімдік басылымдарды қалт жібермей оқитындықтарын жеткізді. Аудан тынысының тамыршысындай «Жайық таңының» ақпарат айдынындағы орны да ортаға салынды.


Аудандағы баспасөзге ең көп жазылатын мекеменің бірі, өздері де жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты дүркін-дүркін мақалалар жариялап жүрген оқытушылар студенттерге газет оқудың пайдасы зор екенін айтты. Сонымен қатар олар журналистерге той-томалақ пен ас-садақадағы ысырапшылдық туралы үзбей жазылып отырса деген пікірлерін жеткізді. Студенттер тарапынан алдағы кезде өздерінің мамандықтары туралы танымдық мақала жарияланса деген ұсыныс айтылды.

«Жайықтехсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнындағы дидарласуда «Жайық таңының» беттерінде өзекті мәселелер тұрақты түрде қозғап келе жатқаны әңгімеленді. Осындағы қызметкерлердің барлығы дерлік аудандық басылымға жазылады. Чапаевтағы орталығында 27 адам, Тайпақ ауылындағы филиалда 12 адам «Жайық таңының» тұрақты оқырманы болып табылады.

18 ауылдық округтің 16-сында орталықтандырылған су құбыры жүйесінің жұмысын қадағалау «Жайықтехсервис» үшін әрине, зор күш-жігер талап етеді. Кездесу барысында қызметкерлер соған қатысты бір өкініштерін жеткізді. Тұрғындар арасында ауыз суды бау-бақша суаруға да жұмсайтындар аз емес. Сөйтіп, байлықтың қадірін білмеу, ысырапшылдық әлі күнге артымыздан ілесіп келеді. Сондай қырсықтардан арылуға жұрт болып, газет арқылы да жұмылу жайында айтылды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале