27.06.2016, 18:23
Оқылды: 36

Баспасөз хатшысы БАҚ-пен тиімді жұмыс жасаса...

;fqarБүгін «Жайық Пресс» ЖШС мәжіліс залында журналистердің кәсіби мерекесіне орай түрлі мемлекеттік мекемелердің баспасөз хатшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Басқосуда баспасөз хатшылары мен БАҚ арасында жедел ақпарат алмасу мәселелері туралы ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.


Жиынды «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин ашып, барша әріптестерін атаулы мерекемен құттықтады.

Бұдан кейін «Жайық Пресс» ЖШС-ның ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов www.zhaikpress.kz сайтының жұмысымен таныстырып, жедел әрі сапалы ақпарат алмасудың әдіс-тәсілдерімен таныстырды. Нұрлыбек Нұрланұлының айтуынша сайтқа күніне қазақ және орыс тілдерінде 40-тан астам материал жарияланады. Сайттың әлеуметтік желілеріндегі оқырмандары күн санап артып келеді. Бүгінде оның саны 60 мыңға жеткен.  Klout жүйесінің отандық  рейтингінде www.zhaikpress.kz сайты еліміз бойынша алдыңғы қатарлы басылымдар мен республикалық арналарды артқа тастап, 12-орынға табан тіреген.

- Облысымыздың бетке ұстар «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері мен ақпарат бөлімі өңіріміздің денсаулық жүйесіне байланысты барлық ақпаратты уақытында жарықтандырып келеді. Бірақ әлі де байланысты жандандыру керек деп ойлаймын. Қазіргі уақытта жыл мезгілдеріне байланысты түрлі жазатайым және оқыс оқиғалар жиі орын алады. Келеңсіз оқиғалар орын алмас бұрын профилактикалық бағыттағы материалдарды жиі жарияланып тұрса, - деді облыстық денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматова. Ал «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының баспасөз хатшысы Назгүл Қожанбаева «Жайық Пресс» сайтындағы «Орал өңірі» газетінің мұрағаттық нұсқаларына қол жеткізу қиындығын алға тартса, облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Асылай Губашева қоғамда жиі орын алатын қылмыстық оқиғалардан гөрі, жергілікті полиция қызметкерлерінің беделін көтеретін мақалаларға басымдық берілсе деген өтінішін жеткізді. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ баспасөз хатшыларының атқарар қызметінің жауапкершілігін алға тартты. Сондай-ақ сайттар мен газеттерге берілетін ақпарат өз құндылығын жоймау үшін материалдың сапалы әрі жедел, уақытылы берілуі де баспасөз хатшыларының міндетінде екенін тілге тиек етті.

Жиын соңында Жантас Набиоллаұлы "Жайық Пресспен" тығыз жұмыс жасап келген баспасөз хатшыларын алғысхаттармен марапаттап, басқосуға келгендердің бәріне естілікке жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын сыйға тартты.

www.zhaikpress.kz
Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале