26.08.2015, 18:52
Оқылды: 25

Батырлар жырын жатқа оқып...

550Қазақ хандығының 550 жылдығына орай аудандық орталықтандырылған  кітапхана жүйесінің ұйымдастырумен «Ғасырлар үні» атты қазақ батырлар эпостық жырларын жатқа оқудан аудандық байқау өтті.

Байқаудың ашылу рәсімінде сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қанат Өтеғалиев бұл байқаудың бабалар мұрасын ғұмырлы етуде мәнісі орасан екенін тілге тиек қылды.

Екі турдан тұрған байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар батырлар жырынан үзіндіні жатқа айтса, екінші бөлімде патриотттық бағыттағы өлеңдер оқылды.

Аталмыш сайыста селолық округтерден келген 11 қатысушы бақтары мен баптарын қатар сынады. Сахна мәдениеті мен жырды оқу мәнерінен ақсап қалып жатқан қатысушылар да, байқауға өзіндік ерекшелігімен, яғни батырлардың кейпін жаңғыртып, сауыт асынып келген үміткерлер де көптеп болды.

Қорытындысында көрермен мен қазылардың ең жоғарғы бағасына ие болып, бас жүлдені Федоров селолық округі атынан қатысқан Ақтілек Әлібекұлы жеңіп алды. Жүлделі І орын Данара Болатованың (Ақжайық ауылы) еншісіне бұйырды. Екінші орынды Митанова Дана (Долин ауылы) жеңіп алса, үшінші орынның жүлдесі Борисова Галинур (Приречное ауылы) есімді қатысушының қоржынында кетті. Қалған қатысушылардың бәрі дерлік арнайы номинацияларға ие болды.

Байқаудың жүлдегерлері мен қатысушыларына ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале