25.11.2015, 12:28
Оқылды: 25

Батысқазақстандық сақшы «Қазіргі заман қаһарманы» атанды

Infovoenni  БҚО ІІД тергеу басқармасының жүргізуші-полицейі, полиция аға сержанты Ғабит Нұғманов таңдаулылар қатарында Қызылорда облысында өткен «Қазіргі заман қаһарманы» атты республикалық шараға қатысып қайтты.

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған шара бейбіт кезеңде ел тыныштығы үшін басын қатерге тігіп, ерлік жасаған сақшылардың батылдығын үлгі ету, полиция қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, отаншылдық үлгісін насихаттау бағытында ұйымдастырылды. Оған қызмет бабында батылдығымен көзге түскен 15 тәртіп сақшысы, ҚР Ішкі істер министрлігі өкілдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен 70-ке жуық ішкі істер органдарының қызметкерлері, сала ардагерлері қатысты. Меймандар бес күн бойы Қызылорда қаласы мен облыс аудандарында кездесулер өткізіп, аталған 15 сақшы өздері тап болған оқиғаларды, ерлік танытқан тұстарын бейнероликтер арқылы баяндап берді. Әсіресе, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, өз Отанын сүюге, елі мен жерін құрметтеуге шақырды. Сырдария ауданында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенанты, екінші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев білім алған №135 орта мектепке арнайы ат басын бұрып, марқұмның рухына тағзым етті.

Шара барысында полиция аға сержанты Ғабит Нұғманов «Қазіргі заман қаһарманы» хрустальді мүсіншесімен, ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымов, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың және Қызылорда облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Ж.Сүлейменовтің атынан алғысхаттармен марапатталды.


Ғабит Ұялыұлы Бөкей ордасы ауданында туып-өскен. Бала кезінен тәртіп сақшысы болуды армандаған ол колледж бітіріп, әскери борышын өтегеннен кейін институтты құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. 2009 жылы Орал қалалық ішкі істер басқармасының патрульдік бекет қызметіне полицей болып қабылданады. Қазіргі қызметіне биылғы наурыз айында ғана ауысқан.

Еске сала кетейік, Ғ.Нұғманов биылғы сәуір айында Оралдағы көшелердің бірінде жүгіріп бара жатқан күдіктінің соңына түсіп, қару кезенсе де, батылдық танытып, әріптестерінің көмегімен әлгіні құрықтаған болатын. Кейін күдіктінің Алмазов көшесі бойындағы үйлердің біріне кіріп, қолындағы аңшылық қаруымен қорқытып, үй иесінің ақшасы мен бағалы алтын бұйымдарын тонап кеткендігі белгілі болды. Сөйтіп Ғ.Нұғмановтың қырағылығы арқасында ұсталған, бұдан бұрын да сотталған 48 жасар тұрғын Орал қалалық сотының үкімімен биылғы маусым айында алты жылға бас бостандығынан айырылды.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале