2.11.2015, 17:17
Оқылды: 19

Батысқазақстандық театр Атырауда өткен Р.Отарбаевтың халықаралық фестивалінде бірінші орынды иеленді

Teatr02     Атырауда мәреге жеткен белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестивалінде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры бірінші орынды иеленді.

Батысқазақстандық театр Р.Отарбаевтың туындысы негізінде «Жәңгір хан» реквиемін (режиссері Мұқанғали Томанов) қойды. Жәңгір ханның бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосовтың айтуынша, Махамбет рөлінде сахнаға шыққан театр директоры Қуаныш Амандықов «Ең үздік ер адам рөлі» аталымын қоса еншіледі.

Р.Отарбаев фестивалінің бас жүлдесін М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жеңіп алды. «Әкемтеатр» Рахымжанның «Бейбарыс сұлтанын» сахналады. Сондай-ақ Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры мен Т.Абдымомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры - екінші, Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры мен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры үшінші орынға көтерілді. Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері, Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов «Ең үздік режиссер» атанды.

Еске сала кетейік, бұл - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының осымен биылғы үшінші жүлдесі. Бұған дейін театр Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты халықаралық антикалық өнер фестивалінің және Өскемен қаласында ХХІІІ республикалық театрлар фестивалінің бас жүлделерін жеңіп алған болатын.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале