16.11.2015, 18:46
Оқылды: 28

«Батыс Пауэр» ЖШС құны 145 млн. доллар тұратын газтурбиналы электр стансасын іске қоспақшы (ФОТО)

Stancia04    «Батыс Пауэр» ЖШС Зеленов ауданы Белес ауылы іргесінде құны 145 млн. АҚШ доллары тұратын, қуаты 200 МВт газтурбиналы электр стансасын іске қоспақшы.

Индустрияландыру картасы аясында жобаны 2017-2019 жылдары толықтай жүзеге асыру көзделуде. Биыл жыл аяғына дейін стансаның бірінші кезеңін (100 МВт) пайдалануға беру жоспарлануда.


«Батыс Пауэр» ЖШС-ның бас директоры Жасұлан Жақыповтың айтуынша, аталмыш стансада алдағы уақытта 70 адам еңбек етпек. Мұнда жылына 748 млн. кВт/сағат электр қуаты өндірілмек. Облыстағы қуат жетіспеушілігі 149 млн. кВт/сағат болса, бұл жоба өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар электр қуатын көршілес облыстарға, тіпті шетелге шығаруға мүмкіндік береді. Әсіресе, Кедендік одаққа мүше Ресей мен Беларусьқа өнім жөнелту тиімді болмақ. Ең бастысы, облыс қана емес, Қазақстанның батыс өңірін қолжетімді бағамен электр қуатымен толық қамтуға қол жетеді.

Стансада американдық «Дженерал Электриктің» газ турбинасы мен германиялық «Alsthom» компаниясының гене­­­ра­торы орнатылса, басқа қосалқы құрал-жабдықтар «АВВ», «Semens» сынды әйгілі фирма-кәсіпорындардан жеткізілген. Құрылыс-монтаж жұмыстарын отандық, сондай-ақ германиялық «Wood Group» және өзге шетелдік компаниялардың мамандары атқаруда. Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл станса өңірдегі қуат өндірушілердің көшбасшысы болмақ. Стансаның екінші кезеңінде де сағатына 100 МГВт электр қуаты өндіріледі. Табиғи газбен жұмыс жасайтын стансада турбинадан шығатын ыстық газды пайдалану есебінен осы маңда жылыжайлар салу да көзделген. Қазіргі кезде құрылыс алаңында станса жабдықтары орнатылуда.  Одан кейін ол газ жүйесіне қосылады. Стансаға жақын маңнан өтетін жоғары қысымды «Союз» магистральдық газ желісінен құбыр тартылды. Стансаның Белес ауылында орналасуының бір себебі, осы жерден «КЕГОК» АҚ-ның магистральды электр желісіне қосыла алады. Өндірілген қуат осы желі арқылы пайдаланушыларға берілмек.

Айта кетейік, инвесторлардың жеке қаражаты мен несие есебін салынып жатқан өңірдегі аса маңызды нысанға мемлекет тарапынан да «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетілген.

Stancia01 Stancia02 Stancia03

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале