26.01.2016, 18:35
Оқылды: 21

«Батыс су арнасы» ЖШС сенімді басқаруға берілді

  Brifing  Жуырда өткізілген тендер нәтижесінде 100 пайыз мемлекеттік үлестегі «Батыс су арнасы» ЖШС кейін сатып алу құқығымен «Су ресурстары-маркетинг Орал» ЖШС-ның сенімді басқаруына берілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі БҚО филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Фарида Раджапова мәлім етті.


Оның айтуынша, тендерге екінші үміткер - жеке адам да қатысқан. Келісімшартқа сәйкес сенімді басқарушы 15 жыл бойы кәсіпорынның негізгі жұмыс бағытын, штаттық құрамын сақтаумен бірге жаңа жұмыс орындарын ашып, материалдық-техникалық базасын жақсартып, озық технологиялар енгізуге міндетті.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаевтың мәлім еткеніндей, Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында  тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін жекешелендіруді кең ауқымда жүргізу қажеттігін атап өткені белгілі. Осы орайда жеке инвестицияларды тартудың маңызы зор. Өйткені мемлекет бұл салаға да үнемі қаржы бөле алмайды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысын сумен қамтуға осы кезге дейін 4 миллиардтай теңге бөлінген. Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес қаржы берілді. Алдағы уақытта мұндай трансферттер қарастырылмайды. «Батыс су арнасы» ЖШС-ын сенімді басқаруға берген кезде бұл мәселе жан-жақты ескерілді.  Тендерде жеңіп шыққан кәсіпорын тарихына тоқталсақ, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Шымкент қаласында 1998 жылы құрылған, аталмыш салада тәжірибесі мол. Ең бастысы, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның қаржылық жағдайын оңалтып, табысты жұмыс жасауын қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

«Батыс су арнасы» ЖШС директорының орынбасары Нәсіп Мәмбетованың  сөзіне қарағанда, кәсіпорын өткен жылды 350 млн. теңге зиянмен аяқтаған.

Еске сала кетейік, ҚР Үкіметі бекіткен 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес нысандарды бәсекелестік ортаға беру одан әрі жалғасады. 2015 жылы облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жекешелендірудің екінші толқыны аясында 5 ұйым жекешелендіруге жатқызылған еді. Бөрлі және Зеленов ауданы әкімдіктерінің қаулысына сәйкес 2 спорт клубы таратылса, БҚО денсаулық сақтау басқармасы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» МКК мүліктік кешен ретінде 17,7 млн. теңгеге сатылды. Жекешелендіруге жатқызылған «Ақжайық» футбол клубы» және «Ақжайық» спорт клубы» ЖШС-лары тендерге ешкім қатыспағандықтан, сатылмай қалды. Ал БҚО денсаулық сақтау басқармасы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық балалар стоматологиялық емханасы» МКК мүліктік кешен ретінде кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілген болатын.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале