24.02.2016, 19:31
Оқылды: 41

Батыс Қазақстанда жалпы аймақтық өнім көлемі 1,8 трлн. теңгеге жетті - Н. Ноғаев

Акимм044   Елбасы тапсырмаларына сәйкес өткен жылы өңірде көптеген жұмыстар атқарылды, биылғы мақсат-міндеттер ауқымы одан кем емес. Бұл туралы бүгін Орал қаласындағы теннис орталығында тұрғындармен есептік кездесуін өткізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті. Өңір басшысы өткен жылдың Президенттік сайлаумен қатар Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сынды жалпыхалықтық, саяси маңызы зор оқиғалармен ерекшеленгенін еске салды.


Биыл елімізде Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы кеңінен аталып өтілмекші. Сонымен қатар 20 наурызға белгіленген Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлауды жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор. Осыған орай облыс әкімі өңір тұрғындарын сайлауға белсене қатысып, өз таңдауларын білдіруге шақырды.

Бұдан кейін 2015 жылдың қорытындыларына тоқталған әкім облыстағы жалпы аймақтық өнім көлемінің 1,8 трлн. теңгеге жеткендігін атап өтті. Облыс бойынша жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім орташа республикалық деңгейден 1,2 есеге артып, 1,9 млн. теңгені құрады.

Ел бюджетіне 186,3 млрд. теңге салықтар мен өзге де міндетті төлемдер түсті, бұл - болжамға 107 пайыз, соның ішінде 124,7 млрд. теңге (108 пайыз) республикалық, 61,6 млрд. теңге (105 пайыз) жергілікті бюджетке аударылды.

Облыс бюджеті (жоспар - 142,2 млрд. теңге) 99,9 пайызға (142,0 млрд. теңге) игерілді.

Өңір экономикасына құйылған инвестиция көлемі 28 пайызға көбейіп, 354,8 млрд. теңгеге жетті (2014 жылы - 270,1 млрд. теңге). Инвестиция өсімі шетелдік кәсіпорындарды қоса есептегенде, кәсіпорындардың өз қаражаттарының 1,6 есеге ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Облыста 1,26 трлн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілсе, соның дені (1,12 трлн. теңге) кен өндіру өнеркәсібінің үлесіне тиеді. Өңдеу өнеркәсібінде 96 млрд. теңгенің өнімі шығарылды.

2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 9495,1 млн. теңге бөлініп, ол толықтай игерілді.

Индустрияландыру картасы аясында өңірде 327,2 млрд. теңгеге 40 инвестициялық жоба (2264 жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Бірінші бесжылдықта 257,9 млрд. теңгеге 32 жоба (1890) іске қосылса, күні бүгін соның 27-сі 70 пайыздан аса, біреуі 50 пайыздан аса жобалық қуаттылығына шықты. Екінші бесжылдықта 69,3 млрд. теңгеге сегіз жобаны (374 жұмыс орны) жүзеге асыру көзделсе, соның ішінде 2015 жылы құны 17,1 млрд. теңге екі жоба (73 жұмыс орны) іске қосылды. Биыл 51,8 млрд. теңгеге бес жобаны (246 жұмыс орны) жүзеге асыру жоспарланып отыр.

2015 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ Ұлттық қордан 7,1 млрд. теңге жұмсалды, бұл 2014 жылғыдан 42 пайызға көп. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 91,8 млрд. теңгені құрады, бұл қуаңшылық салдарынан 3,9 пайызға төмен. Сондықтан дәнді дақылдардың орнына мал шаруашылығын дамыту бағытында мал азықтық дақылдарға көбірек назар аударылуда. Жалпы, өңірдегі агроқұрылымдар мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысып келеді. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 104 шаруа қожалығы 1,2 млрд. теңгеге 6,1 мың аналық мал басы мен 268 асыл тұқымды бұқашық сатып алды. «Құлан» бағдарламасы аясында 979,5 млн. теңгеге 3,3 мың бас сатып алынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 383,9 млн. теңгеге 15,6 мың бас ұсақ мал алынды. «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 484 шаруа қожалығы 5,0 млрд. теңге несие алып, 25,8 мың аналық мал басы мен 1077 асыл тұқымды бұқашық сатып алды немесе жоспар 151,8 пайызға орындалды (жоспар - 17,0 мың бас).

«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері облысқа 3 мыңнан астам шетелдік селекциялық асыл тұқымды мал әкелінді, оның ішінде 2015 жылы - 804 бас.

2015 жылы ет және ет өнімдерін экспортқа шығару 2,3 пайызға артып, 2 мың тоннадан асты (2014 жылы - 1,9 мың тонна).

Өткен жылы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның қатысуымен жалпы құны 3,2 млрд. теңгеге 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде Ақжайық ауданында «Батыс Марка Ламб» ЖШС құны 2,8 млрд. теңге тұратын, тәулігіне 1400 бас қозы соя алатын ет өңдеу кешенін іске қосты. Мұнда күні бүгінге дейін 27 тонна қой еті өндірілді. Сол секілді «Жібек жолы» шаруа қожалығы құны 44,5 млн. теңге, 1750 бас малды союға арналған мал сою орнын пайдалануға берді. «Кублей» ЖШС ауысымына 10 тонна ет (70 бас ірі қара) өндіретін қасапхана құрылысын аяқтады. Бұл өңдеу кәсіпорнын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді әрі ет импортын азайтады. Құны 2 млрд. теңге болатын жоба биыл іске қосылмақшы. Өңірде сондай-ақ алты шағын сүт зауытының құрылысы жүргізілуде.

Басқа да салаларға тоқталған облыс басшысы сонымен қатар тұрғындар қойған сауалдарға да жауап берді.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале