18.03.2016, 11:26
Оқылды: 18

Батыс Қазақстанда Наурыз мейрамы кеңінен тойлануда

Naurizdi toilau Батыс Қазақстан облысында Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған шаралар жалғасуда.

Наурыз мерекесі Орал қаласы мен аудандарда 14 наурыз - Көрісу айтына орай ұйымдастырылған шаралардан бастау алды. Алаңдар мен мәдениет ошақтарында концерттер қойылып, үлкен-кіші бірдей бір-бірімен қуана көрісіп, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді.


Наурыз мейрамына орай  Оралда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының залында БҚО жастарының форумы өтсе, Ю.Гагарин атындағы кинотеатрда «Наурыз-думан» сурет көрмесі ашылды. 18 наурыз күні «Көрісу: Ұлы дала елінің мәңгілік дәстүрі» атты флешмоб-акциясы болмақ. 20-22 наурызда Орал қаласы мен аудан орталықтарында қазақ халқының ұлттық ойындарынан түрлі сайыстар, салтанатты жиындар өтіп, мерекелік концерттер қойылмақшы.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Қауланованың айтуынша, облыс кітапханалары мен музейлерінде, мәдениет ошақтарында кітап көрмелері, мерекелік кештер, дөңгелек үстелдер және басқа мәдени-көпшілік шаралар өтуде. Ең басты шара 22 наурыз күні Орал қаласындағы орталық Абай алаңында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Наурыз-думан» театрландырылған концерттік бағдарлама түрінде өтеді. Тоғыз музыкалық-хореографиялық қойылымнан тұратын мерекелік бағдарламада қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері көрініс табады.

Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Нарымбетовтің сөзіне қарағанда, мерекелік шара айрықша сипат алып, Достық даңғылы бойымен А.Карев көшесінен Т.Масин көшесіне дейін созылмақ. 25 киіз үй тігіліп, онда Көрісу  айт, құда түсу, келін алу, қыз ұзату, шілдехана, тұсаукесер, тоқымқағар сынды ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіледі. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, киіз үйлердің алдында бауырсақ, наурыз көже сияқты ұлттық тағамдар жұртшылыққа тегін ұсынылмақшы. Оған қоса қалаға қарасты Зашаған, Деркөл, Круглоозерный, Серебряков және Желаев кенттерінде 18-22 наурыз аралығында Наурыз мейрамына арналған салтанатты шаралар өтеді.

Айта кетейік, қаладағы мерекелік шараларды өткізуге бюджеттен 4 млн. теңге бөлініп отыр.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале