11.02.2016, 10:52
Оқылды: 23

БАҚ өкілдерін байыппен қарауға шақырды

????????????????????????????????????

   Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов БАҚ өкілдерімен кездесті. Басқосуда ҚР Мәжілісінің және мәслихатының сайлауын ұйымдастыру жұмысын баспасөз бетінде жариялау тәртібі Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы ҚР конституциялық заңы аясында болуы тиіс екені айтылды. Сайлау учаскелерінің мекенжайы, кандидаттар жөнінде мәліметтің толыққанды болуы, саяси науқанның маңызы туралы анық та қанық материалдармен тұрғындарды құлағдар қылып отыруға, қоғам назарын аударуға жұмыла әрекет еткен жөн.


Журналистер үміткер туралы жалған мағлұмат беруден, ұлтаралық татулыққа нұқсан келтіретін, сондай-ақ түрлі мазмұндағы арандату фактілерінен аулақ болуы тиіс. Басқа жағдайда, жауапкершілікке тартылады. Сайлауға қатысатын үгіт-насихат топтары жергілікті БАҚ-пен тығыз байланыста болатыны белгілі. Сайлауалды үгіт ақпаннның жиырма төртінен бастап  наурыздың он сегізіне дейін жүргізіледі. ҚР Орталық сайлау комиссиясының ақпанның бірінде шығарған 8/92 қаулысына сәйкес облыстық мәслихат депутаттығына үміткер телевидение арқылы 70 мың, радио арқылы 20 мың, газет арқылы 85 мың теңге, қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттығына үміткер телевидение арқылы 36 мың, радио арқылы 7 мың, газет арқылы 62 мың теңге қаражат төлеп, сайлауалды үгіт бағдарламасын, материалын ұсына алады. Жаңалықтар қызметі үгіт қызметіне жатпайды. Сайлау күні үгіт жұмысын жүргізуге қатаң тыйым салынады. Саяси партиялардың сайлау штабтарының белсенділігіне орай беретін ақпарат көлемін тең дәрежеде беруге жағдай жасалады. Сайлау учаскелерінде республикалық тәуелсіз бақылаушылар тобының өкілдері кандидаттар құқығының бұзылмауын қадағалайтын болады.

Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы билік органдары және лауазымды тұлғалар, ҚР қарулы күштері және өзге де әскери құрылымдар, сайлау комиссиясының мүшелері, діни бірлестіктер сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізе алмайды.

Қазір облыстық мәслихатқа ұсынылған 17 адамның төртеуі, қалалық мәслихатқа ұсынылған 6 адамның екеуі, аудандық мәслихаттарға ұсынылған 217 адамның қырқы үміткер ретінде тіркелді. Олардың қатарында өзін өзі ұсынушылар да баршылық. Облыс бойынша бүгінге дейін 26 мың адам сайлау учаскелеріне тіркелді. Облыстық сайлау комиссиясы сайлаушыларды анықтауда кездесетін кемшіліктердің алдын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының көмегіне сүйенетін болады. Өзінің тіркелген сайлау учаскесінен тысқары аумақта болған сайлаушыға белгіленген мекенжайға келмей-ақ өзге адамның сенімхат арқылы шығару талонын жолдауына рұқсат етіледі. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов тұрғындардың сайлау құқығына кедергі жасалуына ешқандай жол берілмейтінін айта келіп, БАҚ өкілдеріне сайлау барысында заң аясында насихат жұмысына әріптестік тұрғыда көмектесуін өтініп, ақпараттық дәлдікке мұқият қарауды ескертті.

www.zhaikpress.kz

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале