1.06.2016, 18:34
Оқылды: 25

Белсенділер марапатталды

Belsendiler marapattaldi   Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда облыстық кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 10 маусым – Кәсіподақтар  күніне және 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті.


         Бұған Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Рая Ахметова, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мирболат Нұртазин, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова, кәсіподақ ардагерлері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

    Жиынды облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлеген Мерғалиев ашып, шараға қатысушыларды мейрамдарымен құттықтады.

      - Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағында  330 бастауыш ұйым бар. Ондағы кәсіподақ мүшелерінің саны  6935  адамды құрайды. Дүниежүзіндегі экономикалық дағдарыстың орын алуына байланысты үкіметтің тапсырмасымен 2015 жылдың  наурыз айында еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және қызметкерлердің құқықтарын қорғау, қызмет орындарын сақтау, қысқартпау мәселелері бойынша Орал қаласы, аудан әкімдіктері және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қатысуымен облыстық мемлекеттік  мекемелер қызметкерлерінің  салалық кәсіподағы  үш жақты  меморандумға  қол  қойды. Нәтижесінде облыста заңсыз қысқарту жағдайлары болған жоқ, - деген Төлеген Тастайұлы бұдан әрі өзі жетекшілік ететін мекеме жұмысы жөнінде баяндады. Оның сөзінше, жемісті жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстық кәсіподақ ұйымының өткен жылдың қорытынды жұмыстары бойынша республика бойынша ІІ орын алып, Орталық комитеттің Құрмет грамотасымен марапатталған.

   Бұдан соң Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Рая Ахметова кәсіподақ жұмысын жүйелі жүргізіп отырған әріптестеріне алғысын айтып, бір топ кәсіподақ жетекшілеріне ҚР Кәсіподақ Федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалі мен Құрмет грамотасын және Орталық комитеттің Құрмет грамотасын табыс етті. Олардың арасында Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Бақманов, Зеленов аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жігер Менешов, Жәнібек аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мейрамбек Ибатов және Мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қанзипа Жарлығасова,   Қаратөбе аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Айдос Әмірғали,  облыстық экология департаменті бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Нұрлы Есмайлова, Қазынашылық департаменті  бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Вячеслав Кудряшев бар.

    Салтанатта сөйлеген облыс әкімінің орынбасары  Марат Тоқжанов кәсіподақ ұйымы жұмысының маңызына тоқталды.

   - Заманның дамуына байланысты кәсіподақ ұйымының маңызы уақыт өткен сайын артып келеді. Бұл ұйымның әлеуметтік мәселелерді, оның ішінде еңбек дауын шешуде ықпалы зор. Бұған қоса соңғы кездері жаңғырып, толықтырылып жатқан Еңбек кодексі секілді халыққа өте қажет заңдарды түсіндіруде де кәсіподақ ұйымдары үлкен белсенділік танытуда. Жаңа Рая Жорабайқызы бір сөзінде кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің небәрі үш пайызына ғана жалақы төленетінін, қалғаны қоғамдық жұмыс ретінде қосымша жұмыс атқарып жүргенін айтты. Бүкіл дүние жүзі бойынша әлеуметтік мәселенің бірінші орында тұрғанын ескерсек, осы мәселемен тікелей айналысып, оның оң шешілуіне күш салып жүрген кәсіподақ ұйымының қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан кәсіподақ ұйымының көзге көрінбейтін жұмыстарымен ерінбей-жалықпай айналысып, оны төзімділікпен атқарып жүрген кәсіподақ ұйымының қызметкерлеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін, - деген Марат Лұқпанұлы сөзінің соңында бір топ кәсіподақ ұйымы қызметкеріне Қазақстан Республикасы кәсіподағының «Еңбек ардагері» медалін табыстады. Аталмыш марапатқа кәсіподақ ұйымы жұмысын жетілдіруге үлкен үлес қосқан Теректі аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәлім Кукашев, Бөкей ордасы аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Тілеген Арыстанбеков және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Мұнара Қапышева ие болды.

   Жиын барысында сөйлеген облыстық кәсіподақтар орталығының  төрағасы Ербол Салықов әріптестерін мерекелерімен құттықтап, тағы бірқатар кәсіподақ жетекшілеріне, кәсіподақ белсенділеріне қоғамдық қызметте елеулі жетістіктерге жеткендері үшін Орталық комитеттің Құрмет грамотасын және бағалы сыйлығын тапсырды. Сондай-ақ жыл ішінде кәсіподақ жұмысын алға апаруда үздік нәтижеге қол жеткізген кәсіподақ ұйымдары  облыстық кәсіподақ ұйымының  Құрмет грамотасымен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале