6.09.2016, 18:00
Оқылды: 32

Берері мол «Болашақ»

Akim Bolashak  ҚР Білім және ғылым министірлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Ғани Нығметов өңірімізде болып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушылары мен студенттері және әртүрлі сала қызметкерлерімен кездесу өткізді. Ел Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының таныстырылымына арналған басқосуға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


  -Өздеріңізге мәлім Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 23 жыл бұрын «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасын енгізген болатын. Сол уақыттан бері еліміз бойынша 11 мыңнан астам жас маман шетелдердің жоғары білім ордаларында білім алып, 9 мыңнан астам жас маман елімізге келіп, әр салада қызмет етуде. Мемлекеттің ауқымды индустриаландырылуы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберіндегі реформаларды жүзеге асыру аясында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан экономикасын одан әрі дамыту үшін мемлекеттік дағдарысқа қарсы және құрылымды өзгерістерді жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді атқара алатын әлемдік деңгейдегі кәсіби кадрларды даярлау жүйесін барынша тапсырған болатын. Біздің өңірімізде күні бүгін «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерден сапалы білім алып келген 135 түлек әр салада қызмет атқаруда. Бүгін біз облысымыздағы жоғарғы оқу орындарының студенттері мен түлектеріне сол бағдарламаның игілігін, бағыттары мен өзгерістерін, сол бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты түсінік беру үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Ғани Сақтағанұлын арнайы шақыртқан болатынбыз. Жоғарғы оқу орындарындарын тәмәмдап, білімін шыңдағысы келетін жастарымыз үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Сондықтан бағдарлама туралы толық түсінік алып, көкейдегі сауалдарыңызды қойып отырыңыздар,-деді кездесуді ашқан өңір басшысы Алтай Көлгінов.

  Бұдан соң сөз алған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Ғани Нығметов аталмыш бағдарламаны иелену туралы толық мәлімет беріп, студенттердің қойған сауалдарына жауап берді.

  Ғани Нығметов атап өткендей, 2016 жылғы 30 қыркүйекте ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдаудың үшінші қорытынды кезеңі аяқталады.

  «Болашақ» бағдарламасының ресми әкімшісі – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін стипендияға үміткер Қазақстан азаматтарынан құжаттарды қабылдауда.

  Үміткерлер құжаттарды электронды үкімет веб-порталы, «Аза­маттар үшін үкімет» мемлекет­тік корпорациясы арқылы (бұрынғы ХҚО), немесе өз қолымен «Халық­аралық бағдарламалар орталығы» АҚ-қа тапсыруға болады. Өткен жылғы конкурстық іріктеу тәжі­рибесі бойынша биылдан бас­тап құжаттар тапсыру талаптары жеңіл­детілгені де тілге тиек етілді.

  -Бағдарламаны дамытудың 2016–2020 жылдарға арналған жоспарына сәйкес стипен­дия «Магистратура», «Докторан­тура», «Резидентура» және «Та­ғы­­лымдамалар» бойынша таға­йын­далып, оларға санатына қарай жекелеген талаптар қойылады. 2016 жылы «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдаудың екі кезеңі және олардың нәтижелері бойынша екі конкурстық іріктеу өткізілді. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия қорытындыларына сәйкес 313 стипендия тағайындалды. Олардың 199-ы магистратура, 18-і докторантура, 96-сы тағылымдама бағдарламалары бойынша. Қазіргі таңда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құжаттарды қабылдаудың үшінші кезеңі шеңберінде «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді тарту мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсу мүмкіндіктері кеңейтілді. Біріншіден, ағымдағы жылда 700 стипендия бөлінді, ол 2015 жылмен салыстырғанда 100 стипендияға артық. Екіншіден, конкурсқа құжаттарды қабылдау жеңілдетілді. Үшіншіден, инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша оқу үшін жаңа санат енгізіліп, конкурстық рәсімдер жетілдірілді. Сонымен қатар, барлық азаматтарға «Болашақ» стипендиясы туралы ақпараттар қол жетімді болуы үшін белсенді жұмыстар атқарылуда,-деді Ғани Нығметов.

  Кездесуде сөз алған «Болашақ» бағдарламасының түлегі, жергілікті кәсіпкер Ғайса Жұмалиев өңір жастарын аталмыш бағдарлама аясында білім алуға шақырды.

  -Тәуелсіз еліміздің, өңіріміздің болашағы мен дамуына атсалысам деген жастарға «Болашақ» бағдарламасымен білім алу тамаша мүмкіндік. Бірақ, сол оқу орынына оқуға түсу білімді, уақытты, қаржыны талап етері сөзсіз. Сондықтан, бағдарламамен білім аламын деген, алдын ала арнайы дайындалған он шақты жас маманның алғашқы емтихан тапсыру қаржысына демеуші болуға әзірмін. Оқимын, білім алам деген жастарға көмек қолын созуға әрдайым әзірміз,-деді жеке кәсіпкер.

  Кездесу соңында М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиев Астанадан арнайы келген сала басшысы мен облыс әкіміне студенттер мен ұстаздар атынан алғыс айтты.

Нұрбек Оразаев

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале