18.03.2016, 17:45
Оқылды: 48

Бес адамға «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді

Oralga 5 adamga   Бес адамға «Орал қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы шаһар басшысының ұсынысын кеше қалалық мәслихаттың 44-сессиясында депутаттар бірауыздан қолдады.

Құрметті атаққа ие болғандардың бірі Валерий Жүнісов еліміз тәуелсіздік алған тұста Орал қаласына басшылық етсе, одан кейін «Конденсат» АҚ-ны құрды. Бұл отандық кәсіпорын - қазіргі кезде елге танымал компаниялардың бірі.


«Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев осы кәсіпорынға 1989 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. 800-ден астам жұмысшы-қызметкер еңбек ететін зауытта түрлі кемелер, сондай-ақ мұнайгаз саласы үшін және басқа өнімдер шығарылуда.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықовтың есімі білікті ғалым ретінде жақсы таныс. Әсіресе, ол Орал қаласы төңірегіндегі Жайық қалашығын және басқа көне орындарды зерттеу нәтижесінде облыстың бас шаһарының тарихы әріде екендігін, орта ғасырдан бастау алатынын дәлелдеді.

Орал қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы №1 балалар музыка мектебінің директоры Сергей Погодин облыстың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласады. Ол - Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, БҚО орыс мәдениеті орталығының төрағасы.

«Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев - құрылыс саласындағы тәжірибелі басшылардың бірі. Ол осы құрылыс компаниясына отыз жыл бойы басшылық етіп келеді.

Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Орал қаласының құрметті азаматы» атанған азаматтарды құттықтап, төсбелгілерін табыс етті.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале