20.04.2016, 16:47
Оқылды: 17

Боз кілемдегі балуандар бәсекесі

Karatobe barisi     Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған Елбасымыздың  жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы»  республикалық турнирінің аудандық іріктеу жарысы өтті.

     Қазақ күресінің  мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған жарыс биыл  да жалғасын тапты. «Қаратөбе» спорт клубының  мұрындық болуымен өткізілген  байрақты бәсекеге 8 ауылдық округтен келген 70-ке жуық балуандар қатысып, бақ сынасты.


     Турнирге  қатысушы балуандардың салмақтарын таразыға салып,  жеребе тарту рәсімін өткізді. Дене шынықтыру сауықтыру спорт кешенінде  өткен  алыптар бәсекесінде 7 салмақ дәрежесінде  өрбіген тартыста Еңсеп Досқалиевтің ізбасарлары  боз кілемнің шаңын қақты.

    Тартысты  белдесулерде аңғарғанымыз – қазақ күресін жергілікті палуандардың терең меңгергендігі. Ауылдық округтерден келген палуандар бар күштерін салып, боз кілемде қарсыластарына есе жебермей, намысты қолдан бермеуге тырысып бақты.

    Қызықты өткен  турнирде 55 келіде І орын Бекжан Рысбаев (Қаратөбе), 60 келі салмақта Бауыржан Шүрменге (Қаратөбе) бұйырды. 70 келі салмақта Мағжан Серіков (Қаратөбе), 80 келі бойынша қаратөбелік Асылбек Есімғалиев иеленді. 90 келі  бойынша белдесуде  қаракөлдік Дәурен Бақтыгериевке  қарсылас  шақ келмесе, ал +90 келі салмақта Руслан Жүсібалиев (Аққозы) жеңімпаз атанды.  Қарсыластарына  тойтарыс  берген қаратөбелік Сержан Ерлан  «Қазақстан  барысының» аудандық кезеңінің түйе балуаны атанды.

     Төл күресіміздің мәртебесін қызықтай келген  жанкүйлер де көп болды. Қызыққа толы өткен жарыс додасы өз мәресіне жетті.

www.zhaikpress.kz

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале