28.04.2016, 17:50
Оқылды: 42

Білікті боламын десеңіз, ісіңізді түзеңіз

????????????????????????????????????

   Зеленов ауданындағы 46 мектепке кешенді бақылау жүргізген болатын. Білім беру мекемелеріндегі білім сапасын арттыруды көздеген бұл бақылаудың нәтижесі жарияланды жуырда.

     Аудан басшысына, ауыл әкімдеріне, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің басшыларына, мектеп директорлары мен орынбасарларына бақылаудың қорытындыларын құлақтандыруды құп көрген алқа мүшелері Мичурин ауылына жиылды.


     Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның төрағалығымен өткен басқосудың күн тәртібінде бір-ақ мәселе, яғни  ауданның білім беру ұйымдарында жүргізілген кешенді бақылаудың қорытындылары туралы қаралды.

     Жиын барысында мектепке дейінгі және орта жалпы білімді дамыту бөлімінің басшысы С.Темірғалиева, мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті директоры А. Хамзина, инклюзивті, арнаулы білім беру, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Н.Лебедева, өзін-өзі тану, адамгершілік рухани даму және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Х. Ескендірова, әкімшілік бөлімінің басшысы Ж. Әбдірахмановалар  бақылау барысында ұшырасқан қателіктер хақында бүге-шігесіне дейін айтып өтті.

      «Сапалы тамақ-денсаулық кепілі» демекші, мектеп асханасындағы балаларды тамақпен қамту мәселесі де қозғалды.

     -Тамақтың берілу жағдайын, қауіпсіздігін қадағалау тек мектеп басшысының, я болмаса аспазшының міндеті емес, сонымен қатар ауыл әкімдерінің де тексеруге толық құқы бар, -деді облыстық білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева.

     Жиын соңында сөз алған облыстық басқарма басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова кешенді зерделеудің қорытындысын баяндап  білім сапасын көтеру бағытында бірлесіп нәтижелі жұмыстар жүргізейік дегенді тілге тиек етті.

     - «Мешкей»деген атақ кімге жақсы? Алдымызда отырған баланың білімін көтерейік, ізденейік, жұмыстанайық. Бұл ең бірінші маңызы зор мәселе. Сіздердегі білім басшысы өте сауатты, білімді, тәжірибесі көп білікті басшы, ол кісіден үйренерлеріңіз мол, -деп жиынды қорытқан аталмыш басқарманың басшысы А.Мыңбаева алдағы уақытта үш тілде оқыту, мектептегі киім формасы, оқулық жөнінде жиналғандарға қосымша хабарлама жасады.

www.zhaikpress.kz

Самал  ЖАМЕТ

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале