30.03.2016, 19:37
Оқылды: 31

Білім саласын айтарлықтай өзгерістер күтіп тұр

100 nakti kadam    ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаеваның қатысуымен «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыруда жеткен жетістіктерді талқылаған жиын өтті. Жиынға барлық өңір журналистері онлайн жүйесі арқылы қосылды.


    - Қайырлы күн, құрметті журналистер, қадірлі әріптестер! Жаңа жыл басталғалы елімізде «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін Президент жарлығы бойынша арнайы Ұлттық комиссия құрылып, негізгі ұйымдастыру жұмыстары өткен жылы басталып кеткен болатын. Бұл бағытта бес жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, отандық, халықаралық сарапшылар тартылды. Бұл жұмыс топтарының жетекшілері бүгін сіздердің алдарыңызда отыр. Сауалдарыңызға жауап беруге әзір. Комиссия жұмысы Елбасының тұрақты бақылауында. Аз уақыттың ішінде Ұлттық комиссияның 48 отырысы өтті. Әлемдік стандарттарға сай келетін 59 заң қабылданды. 400-ден астам нормативтік құқықтық актілер дайындалды. Олардың бәрі бүгінде өз күшіне енді. Заң шығару жұмыстары биыл да жалғасатын болады. Ұлт жоспарының бес бағыты бойынша жасалған жұмыстардың алғашқы нақты нәтижелері бар. Ол туралы жұмыс топтарының жетекшілері кеңінен айтып береді. Қорыта айтқанда қазір Ұлт жоспарын тиісті деңгейде жүзеге асыруға барлық негіз қаланды деп айтуға болады, - деді Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Премьер Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

    Ұлт жоспарында көрсетілген реформалар бағытына жауапты лауазымды тұлғалар жалпылама баяндама жасағаннан кейін журналистерге сұрақ-жауап мүмкіндігі берілді.

    Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақ радиосы қызметкерінің жастар саясатына байланысты қойған сұрағына оларды қолдау бағытындағы жобаларды түсіндіре келіп, бұл бағыттағы саясаттың басым бағытын былайша түйіндеді:

    - Бүгінгі жастарымыз шет тілдерін, айналадағы өзгерістерді жақсы біледі. Бірақ өзіміздің туған жеріміздің қасиетін, еліміздің өзгелерге көрсетерліктей тарихи, географиялық ерекшеліктерін де білуі керек.

    Нұрлыбек РАХМАНОВ, «Жайық Пресс» медиахолдингі ақпараттық орталығының тілшісі:

    - «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту туралы айтылды. Бүгінде техникалық мамандарды әзірлеу үшін еліміз бойынша 10 базалық колледж бен 11 ЖОО анықталғанын білеміз. Осы техникалық білім бәріне бірдей қолжетімді бола ма әлде квота бөліне ме? Сондай-ақ ауыл балаларына жатақхана мен шәкіртақы қарастырыла ма?

    Ерболат ДОСАЕВ, ҚР Ұлттық экономика министрі:

    - Елбасы тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап әр 9,11 сыныпты бітірушіге техникалық білім алу қолжетімді болмақ. Жатақхана мен шәкіртақы мәселесіне де арнайы қаржы қарастырылады.

    31 арна тілшісі:

    - Дариға Нұрсұлтанқызы, соңғы уақытта мектеп оқушыларына бес күндік білім беру жүйесі қолданысқа енетіні жайлы ақпарат айтылды. Елбасы осыған орай «Кейбір пәндерді алып тастауға болады» деді. Нақты қандай пәндер алынып тасталуы мүмкін?

    Дариға НАЗАРБАЕВА, Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Премьер Министрінің орынбасары:

    - Елбасы айтқандай биыл бірінші сыныпқа баратын балалар аптасына бес күн оқитын болады. Бірақ оқу жылы бірінші маусымға дейін созылады. Үш тілділік саясаты туралы да айта кетейін. 2018, 2019 жылдардан бастап 9, 10, 11 сыныптарда химия, биология, информатика, физика пәндері тек қана ағылшын тілінде жүреді. Қазіргі кезде Білім министрлігі 25 мыңға жуық мұғалімге ағылшын тілін меңгерту жұмыстарын қолға алды. Білім саласына қатысты айтарлықтай өзгерістер болғалы тұр. Ол туралы әр түрлі пікірлер де айтылуда. Уақыты келгенде арнайы баспасөз конференциясын ұйымдастырып, өзгерістер бағытын түсіндіретін боламыз.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале