24.05.2016, 12:30
Оқылды: 24

Бірлікті, елдікті, еңбекті аманаттаған мегажоба

????????????????????????????????????

   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Республикалық «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында өңірімізде өткен жылдары жөні бөлек, жосығы айрықша іс-шаралар ұйымдастырылғаны көпшілікке мәлім. Міне, мегажоба биыл да жарасымды жалғасын тауып, барлық ауданды қамтитын болады. Өткен дүйсенбіде оның эстафетасын облысымыз орталығының өкілдері Ақжайық ауданына тапсырды. Чапаевтағы бұл күннің бағдарламасы мазмұндылығымен ерекшеленіп, ұзақ есте қалар әсер әкелді.


   Ұлы Даламыз кеңістігіндегі биік шаңырағымызда тату-тәтті өмір сүріп, киелі жерімізді еңбектің құдіретімен көркейтіп, Отан алдындағы жауапкершіліктің алауын жарқыратқанға не жетсін деңіз. Оралдық делегациясымен аудан орталығының басты алауындағы жүздесуден басталған шаралар мұны жан-жақты жарқыратып көрсетіп берді.

   Алаңға алдымен тоғыз жолдың торабындағы ауыл көшелерімен өткен велошерушілердің қалың тобы жетті. Оралдықтармен бірге араларында аудан әкімі Әділ Жоламанов, шаһар әкімінің орынбасары Ғалым Орығалиев, ақжайықтық үлкен-кіші бар велошерушілердің саламатты өмір салтын, сергектікті, спорттың сұлулығын үндеуіне жиналған қалың жұрт қошеметпен қол соқты. Дене тәрбиесі мен спортты жан серігі тұтқан жұрт қуатты мемлекет құратыны сөзсіз.

   Алып ақын Жұбан Молдағалиевтың ескерткіші іргесіндегі мінберден аудан әкімі Әділ Жоламанов еліміз тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы белесіндегі бұл шырайлы күннің елдігімізді нығайтудағы орнын баяндады. Орал әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев «Мәңгілік Елге» апаратын басты құндылықтар Тәуелсіздік, келісім, болашағы біртұтас ұлт екенін атап көрсетіп, аудан тұрғындарына игі тілегін арнады.

   Иә, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев егемендігіміздің елең-алаңынан-ақ мемлекеттің тұрақтылығын небір тығырықтан шығарудың жолы деп біліп, азаматтардың тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге, қоғамның мәдени саналуандығын сақтауға, билік пен азаматтық қоғамның байланысын шыңдауға басымдық берді. Міне, бұның бір жемісі болып өмірге ҚХА тәуелсіздігіміздің өн бойында әрдайым биіктен көрініп келеді. Мәжілісті осы орайда сөз саптаған Ғ.Х.Қапақов Ассамблея тарихында ұлттың өрлеу дәуірі көрініс тауып отырғанына тоқталды, бүгіндегі міндеттерді тұжырымдады. «ҚХА-ның қоғамдық үнқатысу алаңы бүкіл ауыл, еңбек ұжымына жетуі керек. Айталық, кәсіпкерлікті өрістету, бұл ретте тиісті бағдарламалардың орындалуы, жер әлеуетін ұтымды пайдалану  – бәрі-бәрі өте маңызды. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатына сай инновациялық идеяларды қолдауда ауқымды жұмыстар тындырғанымыз абзал. Мәңгілік Ел – патриоттық актісін әркімнің жүрегіне жол табатындай, кең ауқымды ұғындырсақ, жемісіміз молаяды»,-деді ол.

   Қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев мегажобаға терең мүдделілікпен, іргелі істермен атсалысып келе жатқан ақжайықтықтарға ақжарма алғысын айтты, Орал қолтаңбасы айшықталған, Тәуелсіздік жылдарындағы ел жетістіктері таңбаланған символдық альбомды аудан әкімі Әділ Жоламановқа салтанатты жағдайда тапсырды. Ауданнан облыс орталығына естелік сыйлық табысталды.

  Осы күні Чапаевта оралдық жеке кәсіпкерлер, ЖШС, шаруа қожалықтарынан әкелінген алуан тауарларының жәрмеңкесі өтті. Мысалы, «Ләззат» ЖК-нің арзан қаққа сатылған өнімдері (қырыққабат – 30, пияз – 90, картоп – 50 теңгеден) үшін тұрғындар зор ризашылық айтты. Шұжық өнімдерін шығарудан тәжірибесі толымды «Валиев Г.Ш.» ЖК-нің, «КАZKON» кондитер фабрикасының, «Желаев», «Белес-Агро», «Кублей» ЖШС-лердің күн бойына тұтынушыларды қуантуымен қатар, жергілікті кәсіпкерлермен дидарласып, өз тәжіриберін ортаға салып, емен-жарқын әңгімелесті. Сондықтан жәрмеңке нағыз еңбек мерекесі болды десек, жарасар.

    Орал аманаттаған эстафетамен бүгін аудан өкілдері Бөкей ордасына жол тартады.

www.zhaikpress.kz

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале