9.11.2016, 11:18
Оқылды: 39

«Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты облыстық фестиваль басталды

 zhpress (1)       Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің мәжіліс залында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты облыстық фестивальдің ашылу салтанаты өтті. 


 

Бұл шараға аталмыш колледж ұжымы тым тәуір-ақ дайындалыпты. Есіктен кіргеннен ұлттық киім киген колледж студенттері мен ұжым қызметкерлері келушілерді жылы қарсы алып, қонақтарды кіре берісте ұйымдастырылған «Индустриялық және инновациялық Қазақстан» тақырыбындағы көрмемен таныстырды. Жиналған жұртшылық бұл жерде колледж жетістіктерін баяндайтын жылнамаларды тамашалап, студент жастар даярлаған жобаларға үлкен қызығушылық танытты.

Фестиваль колледж студенті Жарасхан Қаржауовтың орындауындағы «Жүрегім қазақ!» әнімен басталды. Әдемі дауыс, асқақ рухпен орындалған бұл ән тыңдармандарды тебірентіп, әр қазақтың бойында ұлттық сезімін оятқандай әсер қалдырды. Бұдан кейін сөз кезегін алған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сабыров жиналғандарды Ел Тәуелсіздігіне арналған облыстық фестивальдің басталуымен құттықтады.

Облыстық фестиваль ағымдағы жылдың 8 қараша - 3 желтоқсан күндері аралығында өткізіледі. Бұған облыс көлеміндегі 29 колледж ұжымы қатыспақ. 9 желтоқсан Білім күні болып есептелгендіктен, сол күні фестиваль қорытындыланып, гала - концерт болады.  Үздік деп танылған ұжым осы шарада марапатталмақ. Бүгін кестеге сәйкес Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің студенттері осы фестивальда алғашқы болып өнер көрсетпек. Өнерпаздарға сәттілік, фестивальға ақ жол тілеймін,- деді басқарма басшысы өз сөзінде.

Бұдан соң Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің концерттік бағдарламасы басталды. Студенттер шара барысында отаншыл рухтағы әндерді шырқап, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен үзінді қойылымдар ұйымдастырды және әскери-спорттық жаттығулар көрсетті. Ұжым өнері көпшіліктің көңілінен шықты.

Шара соңында сөйлеген аталмыш колледж директоры Серік Мұхаметалиев  жиналғандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, фестиваль қатысушыларына табыс тіледі.

Айша Өтебәлі

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале