16.09.2016, 17:52
Оқылды: 45

БҚО-да тұрғындардың 75 пайызы мемлекеттік тілді біледі - Махамбет Ихсанғали

 mahambet-aga  Батыс Қазақстан облысында тілдерді дамыту бағытында биыл 62,273 млн. теңге бөлінсе, биылғы бірінші жартыжылдықта соның 56 пайызы игерілді. Бұл мақсатқа 2014 жылы 62,089 млн. теңге, өткен жылы 62,273 млн. теңге қаралып, толық игерілген болатын. Осы орайда БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали ҚазАқпарат тілшісіне атқарылған жұмыстар жөнінде былайша әңгімелеп берді.


  Оның айтуынша, қазіргі кезде Елбасының 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға мемлекеттік бағдарламасын» (2011-2013,  2014-2016, 2017-2019 жылдар) жүзеге асырудың екінші кезеңі аяқталғалы отыр. ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 4 ақпандағы №62 қаулысымен бекітілген  «2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» және «Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының 2014-2016 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламасына» сәйкес өңірде бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын жүргізу, Қазақстан халқын біріктіру факторы ретінде төзімді тілдік ортаны қалыптастыру, мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін нығайту, тарихи атауларды қалпына келтіру, облыс аумағындағы топонимикалық атауларды лексика-грамматикалық нормаларға сәйкестендіру бағытында іргелі жұмыстар атқарылды.

-Махамбет Мәтенқожа, алдымен өңірдегі мемлекеттік тілдің қолданылу мәселесін айтып өтсеңіз?

-«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы» басым бағыттардың бірі  мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту болғандықтан, бұл мәселе басты назарда. Облыс әкімдігінің 2004 жылғы 28 сәуірдегі №125 қаулысына сәйкес өңірде іс жүргізу 2006 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік тілге көшірілген болатын. Алайда облыстағы мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу негізінен мемлекеттік тілде болғанымен, олардағы бухгалтерлік есеп, статистикалық және техникалық құжаттардың басым бөлігі  күні бүгінге дейін екі тілде жүргізіледі. Басқарманың мұрындық болуымен бухгалтерлік және статистикалық есеп-қисап құжаттарының қазақша үлгілері Қаржы министрлігі Қазынашылық департаментінің 1998 жылы  1 желтоқсандағы №548 бұйрығымен бекітіліп, дерекқорға екі тілде енгізілді. Аталмыш құжаттардың қазақша үлгілері кейбір мекемелерде сала мамандарының тіл біліктілігінің жеткіліксіздігіне байланысты әлі де болса қолданысқа енгізілмей отыр. Осыған орай аудандардағы мемлекеттік мекемелер мен ауылдық әкімдіктерде «Қазақстан   Республикасындағы тіл туралы» Заңының және басқа да тілдер туралы заңнамалардың сақталуын бақылаудың жаднамасы жасақталып, осы жаднама бойынша Ақжайық, Тасқала, Зеленов, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Казталов, Жаңақала аудандарына әдістемелік көмектер көрсетілді.

Мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 2014 жылдың қорытындысы бойынша 99,6 пайыз болса, 2015 жылда  бұл көрсеткіш 99,7, 2016 жылдың 1 жартыжылдығының нәтижесі бойынша 99,8 пайызды құрап отыр. Облыс бойынша мемлекеттік тілді білетін тұрғындардың үлесі бүгінгі таңда 75 пайызды құрайды.

Мемлекеттік тілдің өз мәртебесінде қолданыс табатын тетігі - бұл қоғамдық салалардағы тілдік қолданыс. Сондықтан қоғамдық орындардағы тілдік қолданысты қадағалау мақсатында қоғамдық тіл инспекциясы жобасы енгізілген болатын. Жобаның аясында 2014 жылы қамтылған бизнес нысандарының саны 250 болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш екі есеге артты. Облыстағы бес мыңнан астам жеке шаруашылық субъектісінің екі мыңнан астамына қоғамдық тіл инспекциясының ықпалымен көрнекі ақпарат, жарнама мәселесін реттеу және іс қағаздарын жүргізу бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, құжаттама үлгілері қағаз және электронды үлгіде тегін таратылды.

Бағдарламадағы келесі бір маңызды бағыты - мемлекеттік тілді меңгерту. Өңірде тұратын ҚР азаматтарына мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгерту мақсатында жылма-жыл тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан мемлекеттік тілді оқыту курсына 2014 жылы 850 тыңдаушы қамтылса, 2015 жылы 805 азамат оқытылды. Олардың 150-і - мемлекеттік қызметші. Биыл 665 адам курсқа қамтылып, қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

-Енді ағылшын, орыс және басқа тілдерді оқыту мен насихаттау жөнінде не айтар едіңіз?

-Облыс тұрғындарының ағылшын тілін меңгеру көрсеткіші өткен жылы 9 пайызды құраса, 2016 жылы 11 пайыз болуы шарт. Әлем елдері бәсекелестігіне жол ашатын "Тілдердің үштұғырлығы" мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында облыс тұрғындарына жыл сайын ағылшын тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. 2009 жылдан бері курсқа үш мыңнан астам адам қамтылса, биылғы жылдың өзінде 660 тыңдаушы курста оқып жатыр. Алдағы жылдарда бұл көрсеткішті жоғарылату мақсатында ағылшын тілі курстары тұрақты түрде ұйымдастырыла беретін болады.

Ұлт пен ұлысты мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастыру мақсатын көздейтін дәстүрлі тілдер мерекесі облыстық тіл фестивалімен айшықталып келеді. Биылғы дәстүрлі тіл фестивалі аясында 13 шара өткізу жоспарланса, бірінші жартыжылдықта соның жетеуі мәреге жетті. «Тіл - тұтастық туы» айдарымен жалпыхалықтық тіл фестивалі биыл 22 қыркүйекте облыстық қазақ драма театрында өтпекші.

Сондай-ақ облыстағы ұлттық-мәдени орталықтар өкілдерімен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай тілдер мерекесі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған өңірдегі орыс, кәріс, украин, армян, әзербайжан, шешен-ингуш, еврей, беларус ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері қатысып, ұлыстардың ана тілдері насихатталып, сол тілдерде әндер шырқалып, билер биленеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұлттық-мәдени  орталықтар мен орта мектептердің жексенбілік сыныптарында өзге ұлыстардың өз ана тілдерін меңгеруіне мүмкіндіктер жасалып отыр. БҚО-мен шектесетін Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Астрахан, Волгоград, Орынбор облыстарындағы қазақ диаспорасымен тығыз мәдени-әдеби  байланыстар  орнатылып, оларға әдеби  әдістемелік көмектер көрсету басқарманың ұйымдастыруымен жолға қойылды. 2014-2015 жылдары Саратов, Самара, Астрахан, Волгаград облыстарының 40 жуық елді мекеніндегі қазақ диаспораларымен байланыс орнатылса, биыл Орынбор облысындағы қандастарымызбен осындай шаралар жүзеге асырылуда.

Тілдің бастау алар тірегі мектеп болғандықтан, жыл сайын «Қазақ мектебіне қадам басайық» акциясы қала мектептерінде өткізіліп, басқарма мамандары мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндердің ата-аналарымен кездесіп, нәтижесінде өткен жылы Оралдағы №21 мектепте екі қазақ сыныбы ашылып, 52 бала қазақ сыныбына қадам басса, бұл игілікті шара биыл да жалғасын тапты. Қазақ мектептерінде білім алуға ұмтылған балалардың санын жылдан-жылға арттыруға басқарма атсалысып келеді. Бұл өз кезегінде оқушылардың мемлекеттік тілдегі білім деңгейін жылдан-жылға арттыруға ықпал етіп отыр деп айтуға толық негіз бар.  Қалада 47 мемлекеттік күндізгі жалпы орта білім беретін мектептер жұмыс істесе, оның 20-сы мемлекеттік тілде, 15-і орыс, ал 12-сі аралас тілде оқытылады.  Биылғы жылы қала мектептерінде 35253 оқушы білім алып жатыр, соның  10893-і - орыс және өзге ұлт өкілдері.

Бүгінгі таңда өзге ұлт өкілдерінің 1,6 пайызы мемлекеттік тілде ұлттық мектепте білім алып келеді. Оралда 49 мектепке дейін ұйым жұмыс жасайтын болса, оның 27-сі мемлекеттік тілде, 22-і  аралас тілде. өзге ұлт өкілдерінің 90 баласы қазақ топтарында тәрбиеленуде. Бұл, әрине, жүйелі жұмыстың жалғасы.

-Облыста тіл туралы заңнамалардың орындалу деңгейі қаншалықты деп ойлайсыз?

-Иә, тіл туралы заңнамалардың орындалуына бақылау жүргізу - басқарманың заңмен белгіленген міндеттерінің бірі. Осы орайда 2014-2015 жылдары 78 нысан тексерілген болса, облыс әкімдігінің 2016 жылғы 14 маусымдағы №27 шешімімен «Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының 2016 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңнамалардың сақталуы бойынша ішінара тексерулер тізімі» бекітіліп, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне жолданды. Тізімге сәйкес ағымдағы жылдың 2 жартыжылдығында өткен жылдардағы тексеріс барысында өрескел заң бұзушылықтарға жол берген Зеленов ауданының 12 мемлекеттік органындағы тіл туралы заңнама талаптарының сақталуы тексерілетін болады.

-Сөз соңында ономастика мәселесіне тоқтала кетсеңіз?

-Мемлекеттік тіл саясатының түпкі темірқазығы - ономастика. Сондықтан мораторийге дейін сала бойынша қордаланған мәселелерді шешу облыс аумағындағы көше атауларын реттеуден бастау алды. Тасқала, Зеленов, Теректі, Шыңғырлау, Ақжайық, Қазталов аудандарына ономастика мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, ал қалған аудандарға көшелердің атауларын тәуелсіз елдің бет-бейнесіне сәйкестендіру бағытында жұмыстану тапсырылды. Нәтижесінде мораторийге дейін жинақталып қалған күрделі мәселелерді шешудің негізгі тетігі - «Халықтың пікірін ескеру қағидасы» бойынша облысымыздағы көше атауларын біріздендіру мақсатында облыстық ономастикалық комиссияның қарауына түскен  жалпы саны 773 көшенің 731-нің атауы мақұлданып, түпкілікті шешім қабылдау жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда ономастикалық комиссияның оң шешімін алған 731 көше құжаттары облыстық әділет басқармасынан тіркеуден өтіп, ғылыми тұрғыдан сараптауға жолданды. Басқарма өз құзыреті шеңберінде әділет органдарының басшылары мен аудан әкімдіктеріне тапсырма беріп, бұл мәселе біртіндеп біріздендіріліп келеді.

Ономастиканың келесі бір өзегі - антропонимика. Аталмыш ғылым саласы адамның аты-жөні мен тегі мәселесін зерттейтіндіктен, өскелең ұрпақтың есімдері мен тектерінің құжатта дұрыс жазылуын реттеу - ономастика бөлімі мамандарының негізгі міндеттерінің бірі. Осыған орай «Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін реттеу туралы» Президент Жарлығын насихаттау мақсатында Орал қаласының барлық мектептерінде 2010 жылдан бері ономастиканың негізгі саласы - антропонимика мәселесі бойынша төлқұжат алатын жастағы балалармен қазақы дәстүрге сай құжат алу жайын насихаттайтын  «Есім - елдік өнеге», «Қазақы дәстүрге сай құжат алдың ба?», «Есім - елдігіміздің белгісі» тақырыбындағы акциялар жылма-жыл жалғасын тауып келеді. Бұл игілікті іс биыл да облысымыздың Шыңғырлау, Теректі, Ақжайық, Сырым, Зеленов, Тасқала, Бөрлі, Қаратөбе, Казталов, Жаңақала аудандарында жалғасын тапты. Акция нәтижесінде төлқұжат алатын жастағы балалардың ұлттық дәстүрге сай ресімделген құжат алу мәселесінің біртіндеп реттелу үрдісі байқалады.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале