31.05.2016, 14:21
Оқылды: 20

БҚО-да 15 жалған кәсіпкерлік фактісі анықталған

prokuratura brifingБиылғы жылдың 5 айы ішінде облыста жалған кәсіпкерліктің 15 фактісі анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сонымен қатар 5 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен брифингте мәлім болды.


Облыстық прокуратураның қылмыстық роцестің сотқа дейінгі заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Азамат Сәтбаевтың айтуынша, жалған кәсіпкерлік туралы қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы шамасы 4 млрд. теңгені құрайды және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның 80 млн. теңгесі мемлекетке қайтарылған. Жалған кәсіпкерлік істері бойынша шығындар кәсіпорындардың контрагенттерінің (сатып алушылардың) өздерінің салықтық есептерінде жалған мәмілелерді көрсету арқылы салық (корпорациялық табыс салығын, жеке табыс салығын, қосылған құн салығын) төлеуден жалтаруынан пайда болады.

-Ағымдағы жылы жалған кәсіпорын құрған 4 тұлғаға қатысты соттың 4 айыптау үкімі шығарылды. Мемлекетке жалған кәсіпкерлік қылмысынан келтірілген шығынның шамасы, яғни төленбей қалған салық түрінде 2  миллиард 267 миллион теңгені құрайды. Бүгінде 3 үкім заңды күшіне енді, - деді сот актілерінің заңдылығын қадағалау және қылмыстық істер бойынша мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету басқармасының бастығы Нұрлан Мақатов брифингте.

Өткен жылдың күзінде процестік келісім жасала отырып, 2013-2014ж.ж. «IndustrialComplex», «Прогресс LTD», «Сардар Строй» ЖШС-нің атынан жалған кәсіпкерлік қызметімен айналысқан Н.Құбалиева, А.Оразғалиева, Р.Еркеналиеваның қылымыстық істері сотқа берілді. Олар контрагенттердің салық төлемеуінен мемлекет қазынасына 650 млн. теңге шығын келтірді. Аталған үш тұлға 2015 жылы шартты мерзімге сотталды және осы қылмыстардың ұйымдастырушысы Э.Дүйсекенов 2016 жылдың 23 ақпанында сот үкімімен  мүлкі тәркілене отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

-Э.Дүйсекенов сыбайластарымен бірге 4 жалған кәсіпорын құрып, осы кәсіпорындар атынан Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарындағы контрагенттерге орындалмаған келісімшарттар үшін жалған шот-фактуралар берген. Бұл кімге тиімді десек, контрагенттіктер салық салынатын сомасын азайтады,  ал жалған кәсіпкерлікпен айналысатындар әр аударылған қаржыдан өздерінің 5-6 пайыздық «сыйақысын» алады және шоттарына аударылған қаржыны контрагенттерге қайтарады. Мұндай жалған фирмалар алкоголь мен есірткіге тәуелді және өзге де тәуелділіктері бар тұлғаларға, белгiлi тұрақты жерi жоқ «бомждарға» тіркелген. Одан басқа жалған кәсіпкерлікті ұйымадстырушылар кәсіпорын басшысы ретінде онкологиялық ауруы бар науқас жандарды «жалдаған». Алаяқтар жарты жылдай ғұмыры қалған адамдарды іздеп тауып, аз-мұз қаржыға олардың келісімін алған. Мұндай 2 факт болды. Оның бірінде жалған кәсіпорын атына тіркелген «жаман» аурулы науқас емделіп, тірі қалып, оқиғаға қатысты куәлік етті, - деді Нұрлан Мақатов.

Прокуратурада өткен брифингте мәлім болғанындай, осындай жағдайларға  байланысты «бомждарға», тәуекелділіктері бар тұлғаларға тіркелген  кәсіпорындардың мемлекеттік тіркелуін бұзу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2016 жылы сотқа жалған тұлғалардың атына рәсімделген және жалған кәсіпкерліктің белгілері бар заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеуін бұзу туралы 5 талап жолданса, соның біреуі қанағаттандырылды, өзгелері қаралуда.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале