3.03.2016, 16:46
Оқылды: 26

БҚО-да 430 мың сайлаушыға шақырту жеткізу басталды

???

 Батыс Қазақстан облысында тізімге енгізілген 430 875 сайлаушыға шақыру үлестіріле бастады. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлім етті.


Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктер сайлау комиссияларына тапсырған тізім бойынша еріктілер сайлаушыларға шақыруды жеткізумен бірге олардың сол мекенжайда бар-жоғын анықтайды. Дегенмен бұл жерде тұрғындардың өздері белсенділік танытып, аты-жөндерінің тізімде бар-жоғын күн ілгері білгені жөн. Өңірде барлығы 520 сайлау учаскесі болса, олардың барлығы да науқанды өткізуге дайын.

Егер 20 наурыз - дауыс беретін күні сайлаушы өзінің аты-жөнін тізімнен таппаған жағдайда онда әр учаскеде жұмыс жасайтын халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің көмегіне жүгіне алады, сөйтіп мекенжайы бойынша тізімге тіркеле алады. Сайлаушы басқа жаққа кеткен жағдайда дауыс беруге қатысу үшін есептен шығару талонын ала алады. Есептен шығару талондары 4 наурыздан 19 наурыз күнгі сағат 18.00-ге дейін беріледі.

Халық санын есептей отырып, сайлау учаскелерінде кезекті көбейтпеу үшін қосымша 21 сайлау учаскесі ашылса, соның 17-сі Орал қаласында, қалған төртеуі аудандарда. Шалғай елді мекендер тұрғындары үшін учаскелерге таситын көліктер ұйымдастырылады. Барлық сайлау учаскелері техника және өрт қауіпсіздігі жағынан тексерілді. Дауыс беру 20 наурыз күні сағат 07.00-де басталып, кешкі 20.00-де аяқталады. Ең бастысы, Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымшылдықпен өткізіп, оған сайлаушылар белсенді қатысып, өз таңдауларын жасағаны абзал.

Еске сала кетейік, өткен жылғы Президент сайлауында өңірде 404 мың сайлаушы тіркелген болатын.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале