1.09.2015, 19:49
Оқылды: 128

БҚО Жаңақала ауданында үш мектеп, қос ескерткіш және мұражай ашылды

Жанакала мектептер (1)Жаңақала ауданында үш бірдей жаңа мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ел қуанышын бөлісе келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Мәкен өңір басшысының құттықтауын жеткізді.

Алдымен аудан орталығындағы мектеп-гимназия ашылды. Жобалық құны 1148472 мың теңге болатын бұл құрылысты «Тасқала Транс Газ» ЖШС жүргізді. 600 орындық мектеп пен 100 төсектік  жатақхана республикалық бюджет қаржысы есебінен салынды.

Жанакала мектептер (3)Құрылысты жүргізген серіктестік басшысы жаңа мектеп ұжымына табыс тілеп, мектептің үлгі кілтін гимназия директорына тапсырса, аудандық білім бөлімі бас құрылысшы иығына шапан жауып, ел ілтипатын білдірді.

Сыртқы сәулеті көз тартар еңселі ғимараттың ішкі құрылысы, жабдықталуы, безендірілуі де заман талабына сай, оқимын деген оқушыға барлық жағдай жасалыпты.

Бұған дейін апатты жағдайда жұмыс жасап келген Жаңақазан ауылдық округіндегі іргелі елді мекендердің бірі Жуалыойдағы негізгі мектеп ғимараты да жаңғыртылып, ел игілігіне берілді. Мұндағы жобалық құны 252 миллион теңге болатын 108 орындық екі қабатты мектеп құрылысын «Алаш ҚК» ЖШС өткен жылы бастап, биыл аяқтады.

Жанакала мектептерҮшінші ашылатын мектеп Жаңажол ауылдық округінің Сарыкөл ауылында болатын. Сарыкөлдің Кеңестік кезеңдегі атауы Факеево. Күй атасы Құрманғазы мен өнер, өлке зерттеушісі Н.Савичевтің  кездесуі өткен жер.

Бұл ауылдағы негізгі мектеп ғимараты да апатты жағдайға келіп, тұрғындардың тілегі облыс басшысынан қолдау тауып, өткен жылы жаңа мектептің іргетасы бастап қаланған еді. Жобалық  құны 242 млн. теңге болатын мұндағы мектеп те 108 орындық. Құрылысты «Bema servuces» ЖШС жүргізіп, келісілген мерзімді сапалы салып бітірді.

Облыстан арнайы шақырылған бір топ құрметті қонақтар жаңа білім ошақтарын аралап көріп, ізгі тілектерін білдіріп, спорт жарыстарын тамашалады.

ескертк3шМектеппен бірге осы мезетте қос ескерткіш ашылды. Ол көп ұлтты Қазақстандағы ұлттар достығын бейнелегендей әсер беретін күй атасы Құрманғазы мен оның өнеріне тәнтілік танытып, берген бағасымен әлемге танытқан Н.Савичевтің тас мүсіндері еді.

Ескерткіштердің ашылуында өлкетанушы Ж.Ақбай тарихтан сыр толғаса, дәулескер күйші Е.Қазиев Құрманғазының «Қамыс Самар» күйін қуаныш үстіндегі сарыкөлдіктерге тарту етті.

Бүгінгі көл-көсір қуаныш мұнымен біткен жоқ. Ынтымағы ұйыған Мұқыр ауылы да көршілеріне  өнеге болатындай іс атқарып, өз ауылдары тарихын баян етер мұражай жасақтап, мәртебелі меймандардың қатысуымен ашылу рәсімін өткізді.

www.zhaikpress.kz

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале