16.02.2016, 16:56
Оқылды: 24

БҚО кәсіпкерлік палатасы Теректі аудандық филиалы жүйелі жұмыстардың бастамашысына айналды

Terekti kasipkerlik   Ашылғандарына көп уақыт болмаса да БҚО кәсіпкерлік палатасы Теректі аудандық филиалы жүйелі және жемісті жұмыстардың бастамашысына айналды. Кәсіпкерлік палатасының көмегіне ауданымыздағы барлық кәсіпкерлер жүгініп, өздеріне қажетті мәліметтермен қанығып жүр.

«Бизнестің жол картасы-2020»  бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде БҚО кәсіпкерлік палатасы Теректі аудандық филиалында ақысыз сервисті көмек көрсету жұмыстары қолға алынған.

Сервисті көмек көрсету жұмыстарына кәсіпкерлерге бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, статистикалық есеп, мемлекеттік сатып алу, заңдар төңірегіндегі сауалдарға түсінікті жауап беру және тағы басқа қызметтер кіреді. Бұл жөнінде БҚО кәсіпкерлік палатасы Теректі аудандық филиалы басшысы Нұрбек Айтбаев мәлімдеді.


Сонымен қатар филиал басшысы атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Халықтың қолдауына ие болған «Бизнес-кеңесші»  жобасы  бойынша былтыр 61 тыңдаушы өткен. Солардың ішінде 2015 жылдың 31 желтоқсан айындағы мәлімет бойынша 27 адам жеке кәсіпкерлік субъектісі болып тіркелсе, 20 адам «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында несиеге ие болды. «Бизнестің жол картасы-2020»  бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 5 адам шағын несие алса, осы бағдарламаның көмегімен 2 адам қайтарымсыз , яғни гранттық несиеге қол жеткізді.

Ауданымызда кәсіпкерлерді қолдау орталығының да жұмысы жүріп тұрғанын атап өткен жөн. Бұл орталық адамдарға жаңадан кәсіп көздерін ашуға, кәсіпкерлік саласы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жете түсіндіру мақсатында жұмыстанады. Егер кәсіпкер несие алатын банктер тізімін жасауда, бизнес-жоспар жасақтауда қиналса осы орталық көмек қолын созуға әзір.

Қазіргі уақытта  аудандық филиал «Бизнес-кеңесші» жобасына  қатысушыларды тіркеуде. Бұл жоба тегін және бизнеске енді қадам басқан және көп жылдық тәжіриебесі бар кәсіпкерлер үшін де пайдалы екендігі сөзсіз.  Кәсіпкерлік палатасы, кәсіпкерлерді қолдау орталығымен қатар ауданда кәсіпкерлік бөлімі де өз қызметін атқарып келеді. Елбасымыздың елімізде кәсіпкерлік саласына көп көңіл бөліп отырғанының айғағы бұл. Олай болса,  өз кәсібін ашып, нәсібін табам деушілерге ауданымызда барлық жағдай жасалған деп нақпа-нақ айта аламыз.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале