24.05.2016, 19:51
Оқылды: 38

БҚО ҚХА қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті

Assambleia   Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті.

   Басқосуда облыстық Ассамблея төрағасының бірінші орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов сөйлеп, бұл ұйымның қызметімен таныстырды. Оның айтуынша, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерін облыстық Ассамблея кеңесі бекіткен. Кеңес құрамында мемлекеттік орган, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, аналар, жастар ісі бойынша кеңестердің мүшелері, сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы кіретін 48 адам бар.


   Айта кетерлігі, Елбасымыз 2013 жылы сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында қоғамдық келісім кеңестерін құруды ұсынған болатын. Соған байланысты облысымызда алдымен ауылдық окрутерден бастап құрылған, күні  күні бүгінге түрлі деңгейде жұмыс істеп жатқан 239 қоғамдық келісім кеңесі ел бірлігін, татулық тінін нығайту мақсатында 300-ден астам түрлі шаралар, кеңес отырыстарын өткізген.

   Аудандардағы қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері жылдық жоспарға сай тұрғындар арасындағы жұмыссыздықты азайту, отбасылардың әлеуетін арттыру, оқушылардың жүйелі білім алуына жағдай жасау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастар тәрбиесін дамытуға қатысты мәселелерді талқылаған. Мәселен, Ақжайық ауданындағы қоғамдық кеңестің жәрдемімен құрылған қор арқылы көпшіліктің қатысумен мәдени шаралар өткен. «Ардагерлердің аялайық» акциясы аясында қарияларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жастар отряды қолғабыс қылған. Зеленов аудандық қоғамдық кеңесінің бастамасымен екі мешіт пен екі шіркеу салынған. Ауданда кәсіпкерлер ұсынған бос жұмыс орындарымен ауыл тұрғындары арасынан жұмыс өтілі жоқ немесе басқа себеппен екі қолға бір күрек таба алмай келген 22  адам қамтамасыз етілген.

   Биыл қызметін жаңадан бастап жатқан Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық кеңесінің негізгі міндеті – қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамыту мақсатында азаматтық қоғам институттарын, саяси және үкіметтік емес ұйымдарды, басқа бірлестіктерді ұйыстыру, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық актісін жүзеге асыру. Сондай-ақ облыстық Ассамблея жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде өңірдегі әлеуметтік және басқа шиеленістерді алдын алуға және шешуге, қоғамдық институттар мен қоғамдық институттар арасында өзара іс-қимылды жетілдіруге, мемлекеттік саясатты бірлесе насихаттауға, Ассамблея атынан қоғамдық, әлеуметтік маңызды жобаларды және бағдарламаларды қолдауға және дамытуға атсалысады, қайырымдылық шараларды, медиация мен қоғамдық бақылауды қолға алады.

   Басқосуда кеңес мүшелері бірауыздан кезінде Батыс Қазақстан және Көкшетау облыстарын басқарған, кейін ТМД аумағында елшілік қызмет атқарған Нәжімеден Есқалиевті облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Виктор Киянскийді төраға орынбасары қылып сайлады. Кейін кеңестің жылдық жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале