21.12.2015, 20:13
Оқылды: 29

БҚО әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің биылғы жыл бойынша қорытынды жиыны өтті.

Bolashsakta atkarilar ister «Нұр Отан» партиясының ғимаратында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің  биылғы  жыл  бойынша қорытынды жиыны өтті.  Жиын еліміздегі діни экстремизм мен терроризмге қарсы 2013-2017  жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның облыс аумағында іске асуы, ақпараттық-түсіндіру топтарының  жұмысын қорытындылап, алдағы жылдың жұмыс бағытын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.  Жиында Батыс Қазақстан облыстық  дін  істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов  жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.


-         Дін істері басқармасы облысымыздағы діни бірлестіктер қызметіне мониторинг жүргізу, сараптама жасау, діни ахуалға әлеуметтік зерттеулер жүргізу, ақпараттық-түсіндіру, оңалту және ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының орындалуын қадағалау  бойынша  төрт бағытта жұмыс атқарады,  - деді  Талғат Нығметов. -  Биыл діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және діни сауаттылықты арттыруға бағытталған  ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы ауқымды болды. Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде 103 223  адамды қамтыған 1308  іс-шара  өткізілді.Соның 620-сы жастармен  кездесулер.

Облыстағы  діни ахуалға мониторинг  жасау  және  облыс жастарының діншілдік деңгейін зерттеу үшін  2 млн.  804 мың теңге қаржы бөлінді. Жобаны «Innovation research» маркетингтік  және  әлеуметтік зерттеулер агенттігі» ЖШС  (Алматы) жүзеге  асырып, қорытындысы  ҚР Дін істері комитеті, ҚР ҰҚК БҚО департаменті  және т.б. тиісті  органдарға жіберілді.Зерттеу қорытындысынан халықтың діни сенімінің артқандығын байқаймыз. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмысынан  хабардар азаматтар 57,4%-ды құрады және қазан айымен салыстырғанда 6,9%-ға артты. Бұл облыс бойынша құрылған ақпараттық-түсіндіру  топтары жұмысының нәтижелілігін көрсетеді. Облыс  жастары арасында  жүргізілген сауалнама  дінге  әбден сенетін, діни жоралғыларды толық орындайтын жастар санының 3,5%-ға  артқанын көрсетті.

Сондықтан дінге бет бұрған жастардың теріс діни ағымдарға кетіп қалмауын қадағалау күн тәртібіндегі басты мәселе. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары  негізгі пәрменді тәсіл болып табылады. Сондықтан басты мақсатымыз – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы қоғамда терроризм идеяларына  қарсы иммунитетті, дұрыс  діни сананы қалыптастыру және  тұрғындардың діни сауаттылығын  арттыру, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіру болып табылады.

 2015 жылы  дәстүрлі емес ағым жолындағы 390 адаммен жекелей және жалпылай діни-психологиялық көмек беру, діни бағытын анықтау, оңалту бағытында жұмыстар  атқарылған. Нәтижесінде бірқатар азамат дәстүрлі бағытқа ауысты. Түзету мекемелерінде дін ұстанушы 145 адам бар. Олардың 115-і  – ислам, 30-ы  христиан бағытында. Ағымдағы жылы теолог-мамандар 78 азаматпен жеке сұхбат жүргізген.

Жиын соңында облыстағы ақпараттық- түсіндіру топтарының үздік және белсенді мүшелері марапатталды.  Олардың арасында БҚО прокуратурасының бөлім басшысы А. Оңаев, БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Л. Батырғалиева, Қазталов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы С. Жұмағалиев, Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімінің  басшысы Қ.Теміров, Теректі,Тасқала, Шыңғырлау, Бөкей ордасы аудандық мешіттерінің  имамдары Х. Сыдиқов, Қ. Нәжмитденов, Е. Ихсанов, Н. Иманғалиев және  Орал қалалық мешітінің наиб имамы, Орал медресесінің ұстазы Б. Дүйсенәлі бар.

 www.zhaikpress.kz

Ұлдай САРИЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале