21.09.2015, 18:02
Оқылды: 29

БҚО әкімінің кубогы «Қармақшыда»

Jaidarman2    «Нұр Отан» партиясының ғимаратында  облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың  жүлдесі үшін көңілді тапқырлар клубы қатысушылары арасында республикалық «Жайдарман» фестивалі өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Ақжайық КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен  фестивальда Ақтөбе қаласының «Фемида», Маңғыстау облысының «Боранқұл», Қызылорда облысының «Қармақшы», Орал қаласының «Грант», «ҚазИИТУ» «Сіздер үшін» командалары өнер көрсетті.

Мемлекетік тілдің мәртебесін көтеріп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен  сайысты «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ Президенті Есен Елеукен жүргізді. Ақ Жайықтың жағасында бас қосқан көңілді «жайдарманшылардың» өнерін тамашалауға жастар көп жиналды. Сахна төріне шығып, сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Азамат Айтуев  тапқырларға  сәттілік, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй тіледі.

Фестивальге «жайдарманшылар»  барынша жақсы дайындалған. Алайда, жүргізуші Есен Елеукеннің айтуынша, редакторлық жұмыста алынып тасталған әзілдер сахнада орындалып жатты.  Соңғы кездері жастардың басым бөлігінің жүрегін жаулап үлгерген «Жайдарман» ойындары қысқа әзілдерімен қызықты.

Ойын барысында әлеуметтік мәселелерді  жеткізген әдемі әзіл де, сөздері бір-бірімен байланыспайтын арзан әзіл де болды. Әйтсе де көрермен жастардың өз талғамы бар. Олар жеңіл әзілді солғын қабылдап, ұтымды  қалжыңға қиқу салып, қол соғып отырды. Әсіресе, әп дегеннен көрерменін баурап алған қызылордалық «Қармақшы» тобының өнері көпшілік көңілінен шықты. «Жайдарман»   ойынының  нәтижесінде ІІІ орын «ҚазИИТУ», ІІ орын «Грант», І орын және  облыс әкімінің кубогы «Қармақшы» командасына бұйырды.

www.zhaikpress.kz

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале