11.11.2016, 11:37
Оқылды: 54

Бүкіләлемдік сапа күні

sapa-kyni             10 қараша – Бүкіләлемдік сапа күні. Осыған орай, «ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ мен  «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ облыстық филиалының қызметкерлері бірігіп,  аталмыш мерекені салтанатты түрде атап өтті.


    «Технопарк «Алгоритм»  ЖШС мәжіліс залында өткен бұл жиынға  облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Ербол Иденов, «Технопарк «Алгоритм»  ЖШС директоры Арман Есекенов, «ҚПО б.в.» компаниясының бөлім басшылары Руслан Мұқанғалиев пен Дәмеш Бекталиева және жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшылары қатысты.

   Жиынды «ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ директоры Салтанат Қамешова ашып, техникалық регламенттің тиімділігі жөнінде әңгімеледі.

       - Техникалық регламент - өнiмдерге және  олардың өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес әзiрленетiн және қолданылатын нормативтiк құқықтық акт. Бұрын елімізде 97 техникалық регламент болса, бүгінде соның 35-сі қалды. Мұның себебі, еліміз Кеден Одағы, содан кейін Еуразиялық Экономикалық Одақ құрамына кіргенде Одақтың шартына сәйкес бірін бірі қайталайтын техникалық регламенттер алынып тасталды. Қазіргі таңда елімізде шығарылатын өнімдердің 66 түріне техникалық регламенттер жасақталуда. Техникалық регламенттер Кедендік Одақ заңының сақталып, кәсіпкерлер құқының бұзылмауы үшін керек. Кедендік Одақ заңы аясында бірыңғай техникалық регламент, бірыңғай реестр, бірыңғай белгі деген ұғымдар пайда болды. Жаңа заң бойынша өнім өндірушілердің белгісі мемлекеттік тілде болуы керек. Және тауар қай елдің аумағына кіргізілетін болса, тауар белгісі сол мемлекеттің тілінде жазылуы керек. Сондай-ақ, біздің елімізде кәсіпкерліктің дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде кәсіпкерлерді тексеру кәдімгідей-ақ сиреді. Бұрын бір жылда кәсіпкерлерге 600 рет жоспарлы тексеру жасалатын. Ал биылғы 9 айда небәрі 40 рет тексеру жүргізілді. Кәсіпкерлерді тексерер алдында құзырлы органдар оларды бір ай бұрын ескертіп отырады. Кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында біздің елімізде тәртіпті сақтайтын, заңды бұзбайтын кәсіпекерлер көбейді, соның ішінде біздің өңірімізде де мұндай кәсіпкерлер көп. Сапалы өнім шығаратын саналы кәсіпкерлеріміз көбейе берсін!-деді ол өз сөзінде.

            Жиын барысында қатысушылардың әрқайсысы өз мекемелеріндегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Жиын соңында ұйымдастырушылар өңіріміздегі ең үздік өнім иелерін марапаттап, оларға ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Үздік кәсіпорындар қатарында «Конденсат» АҚ, «Нұржанар» АҚ, «Агро-Белес» ЖШС, «Желаев» нан өнімдері секілді ірі кәсіпорындар бар. Сондай-ақ, кәсіпорындардың жұмысын сапалы жүргізуге үлкен үлес қосып жүрген бірқатар іскер басшылар мен үздік менеджерлер  айрықша аталымдарға ие болып, алғысхаттармен марапатталды.

Айша Өтебәлі

Орал қаласы   

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале