5.08.2015, 12:33
Оқылды: 23

Бұл жол - туризмге тиімді

11850581_422226757975414_3005222852470723261_o  Теректі ауданы аумағына қарасты Аңқаты-Сарыөмір бағытындағы автожол жөнделуде. Сейсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аталмыш жолдың жөндеу барысын көру үшін арнайы атқа қонды. Алдымен Аңқаты ауылына апаратын автожолдың 23 шақырымына орташа жөндеу жүргізіп жатқан «Азиятехстрой» ЖШС құрылыс компаниясы қызметінің жай-жапсарымен қанықты. Бұған облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге  тартылған.

Сарыөмір ауылына бұрылатын автожолдың 9 шақырымын «PIRAMID» ЖШС күрделі жөндеуден өткізуде. Жұмыс 20 маусымда басталған. Бұған 445 млн теңге қаражат бөлініпті. Серіктестік директоры Владимир Габриелян жөндеуді тамызда аяқтайтындарын айтты. Яғни қос мердігер де белгіленген межеден ертерек бітіруді жоспарлауда.

-  Біздің облыс үшін өзекті мәселелердің бірі - сапалы жол салу. Осы мақсатта қолға алынған жұмыстар жүзеге асып келеді. Жаңа техникалық құрылғылар сатып алынды. Нәтижесінде былтыр Шыңғырлау мен Қаратөбе ауданының орталықтарына баратын автожол жөнделді. Енді Шыңғырлау-Бөрлі-Ақсай бағытына көңіл бөлінуде. Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала аудандарына қатынайтын күре жолдарға қатты жабынды төселуде. Бүгін Шымкент-Самара тас жолымен түйісетін Аңқаты-Сарыөмір бағытындағы автожолға жасалған жөндеу жұмыстарын қарадым. Мердігерлер қаражатты уақтылы игеруде. Техникалық қадағалау мамандары жол сапасына оң баға беруде. Бұл жол Шалқар көліне апарады. Оған облыстан, еліміздің өзге аймақтарынан, Ресейден келетіндер көп. Яғни өлкеміздегі туристік кластердің дамуына ерекше ықпал етеді, - деді облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.

Биыл облысымыздағы 90 шақырымнан астам автожолды жөндеу жоспарланған. Бұл үшін республикалық бюджеттен 3000, 0 млн, жергілікті бюджеттен 2832,8 млн. теңге бөлінген. Соның ішінде жартыжылдық жоспар бойынша 2 249,04 млн. теңге толық игерілген.

www.zhaikpress.kz

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале