2.06.2016, 11:48
Оқылды: 31

Бөрлі ауданы әкімі Ақсай қаласындағы бірнеше нысанды аралады

Borli audani akimi jymis barisimen tanisti     Бөрлі ауданы әкімі А.Халелов Ақсай қаласындағы бірнеше нысанды аралап, жұмыстарымен танысты.

   Алдияр Сансызбайұлы алдымен өткен жылы маусым айында құрылысы басталған денешынықтыру-спорт кешеніне ат басын бұрды.


    ҚПО компаниясы тапсырыс берген бұл жобаның мердігері «Фирма АТК» ЖШС болып табылады. Ал жобалаушы – «WEST TRADE COMPANY» ЖШС. Бұл кешенде жабық спорт алаңы, үш қабатты әкімшілік ғимараты, екі ашық әмбебап волейбол, баскетбол алаңы, футбол алаңы мен жүгіру жолы, 1200 орындық трибуна жоспарланған. Учаске бастығы және жобаның менеджері Е. Қажғалиевтің айтуынша, бүгінде нысанның 25 пайызы салынған. Есенаман Аманғалиұлымен тілдескенімізде: «Әзірге ешқандай қиындық жоқ. Құрылыс жұмыстарының ауа райының қолайсыздығына байланысты аз уақытқа тоқтаған кезі болды. Бірақ біз бұл кешенді белгіленген мерзімде, яғни ағымдағы жылдың қараша айында тапсыруды жоспарлап отырмыз», - деді. Ал аудан әкімі А. Халелов кешен құрылысының кешуілдеп жатқанын сынға алды. Тиянақты да сапалы жұмыс жасауды қатаң ескертті.

  Бұдан әрі назарға іліккен нысан «Ақсай» спорт кешені болды. Мұнда мамыр айында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Алты ай ішінде жұмыстар толық аяқталуы қажет. Бұл жерде аудан басшысын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ. Насипов бастаған осы саланың мамандары қарсы алды. Алдияр Сансызбайұлы жұмыстар белгіленген мерзімде әрі жоғары сапада аяқталуын, жаңадан алынатын құрылыс материалдары мен құрылғылардың да сапасы мықты болуына аса мән беру қажеттігін мұқият тапсырды. Осыдан соң аудан басшысы бірнеше жыл бұрын қаламыздағы №5 ЖББОМ ғимаратына жапсыра салынған спорт залдың қабырғасында пайда болған жарықты, мектептегі өзге да ақауларды арнайы барып көрді. Құзырлы мекемелер басшыларына бұл мәселелерді зерттеп, бірінші қыркүйекке дейін олқылықтарды жоюды тапсырды. Сонымен қатар осы мектептің бастауыш сыныптар оқитын ғимараты мен мектеп-интернаты да назарға алынды. №5 мектептің кіре беріс есігінің алдындағы көріксіз алаңқайды ретке келтіруді де қатаң ескертті.

   «Нұр Отан» партиясы Бөрлі аудандық филиалының ғимаратымен және онда орналасқан өзге мекемелермен танысқан Алдияр Сансызбайұлы халыққа қызмет көрсету орталығында да болды. 4-5 ықшамаудандарға жылу беретін қазандықтың құрылысымен танысып, Советская көшесінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан коллектордың жай-жапсарын біліп, межелеген уақытта аяқтау қажеттігін айтты. Арнайы келіп, аудан басшысымен жүздескен осы көшенің тұрғыны зйнеткер Р. Золотарева бұл жұмыс үнемі қадағаланып, айналадағы тұрғындардың тұрмысына кедергі келтірмей, тезірек аяқталса деген тілегін жеткізді. Алдияр Сансызбайұлы әр объектіден көрген-білген мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісінше шаралар қолға алынатынын айтты.

www.zhaikpress.kz

Ясипа РАБАЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале