11.12.2015, 18:42
Оқылды: 21

Газ-турбиналық электр стансасы іске қосылды (ФОТО)

akim foto 01    Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы»  жалпыұлттық телекөпірі өтті.


akim foto 02

         Телекөпір барысында 16 жоба іске қосылды.  Жаңа кәсіпорындарда 3300 тұрақты жұмыс орны құрылады. Мемлекет басшысы аталған өндіріс орындарын ашу рұқсатын беріп, онда қызметке тұрған азаматтарды  жаңа жұмыс орындарымен құттықтады. Олардың ішінде батысқазақстандықтар да бар. Нақтылап айтсақ, Зеленов ауданының Белес ауылы аумағында қуаты 100 МВт газтурбиналы электр стансасы пайдалануға берілді. Индустрияландыру картасы аясындағы бұл жобаны 2017-2019 жылдары толықтай жүзеге асыру көзделуде. Бұрын хабарланғандай, бұл өндіріс орны өңірді сапалы қуат көзімен  қамтып, Ресей энергиясына тәуелділікті  жояды. 70 жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді.  Жоба сәтті іске асса, өңірімізде жұмыс істейтін  шағын кәсіпкерлер мен  ірі компаниялардың   электр қуатына жұмсайтын  шығыны азайып, тариф тұрақталады. Соған орай облыс әкімідігі, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ және бұл жобаны жүзеге асырып жатқан «Батыс Пауэр» ЖШС арасында меморандум жасалды.

Телекөпір барысында сөз алған«Батыс Пауэр» ЖШС бас директоры Жасұлан Жақыповтың айтуынша, аталған жобада электр энергиясын өндіру үшін «General Electric», «ABB», «Siemens» секілді әлемдегі алдыңғы қатарлы компаниялардың жабдықтары пайдаланылуда. Нысанның құны 92,5 млн. долларды құрап отыр.

Нысанды іске қосуға рұқсат берген Мемлекет басшысы бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.

akim foto 03

-Газ-турбиналық электр стансасы таза энергетикаға жатады. Біз еліміздің батыс өңірін өзіміздің энергиямен қамтамасыз етудеміз және импорттан бас тартудамыз. Бұл нысанды іске қосыңыздар. Жұмыстарыңыздың табысты болуын тілеймін!» - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасы атап өткендей, телекөпір барысында қосылған жобалардың ел экономикасының дамуына қосар үлесі көп. Олар Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің 8 басымдықты саласында жүзеге асырылып отыр. Екі кәсіпорынның әрқайсысы жыл сайын орташа есеппен 81 млрд. теңгенің өнімін өндіретін болады. Ең төменгі есептеулердің өзінде бұл жобалар экономикамызға қосымша 270 млрд. теңге кіріс әкелмекші.

-Индустрияландыру күні аясында өткен телекөпір кезінде іске қосылған бұл жоба өңіріміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл - жоғары технологиялы, еңбек өнімділігі өте жоғары өндіріс орны. Бұл жоба екінші деңгейлі банк пен жеке кәсіпкерлердің өз қаражаттарының арқасында жүзеге асып отыр. Сол себепті қолайлы тариф белгілеу бағытында құрылтайшылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жалпы облысымыз жыл маусымдарына орай жылына 120-140 МВт энергия тұтынады. КПО б.в. компаниясындағы трансформатор апатты жағдайға түсуіне байланысты 30-40 МВт қуатты сырттан алудамыз. Осы нысан іске қосылғасын бұл бағытта туындап отырған мәселелер тұрақталады. Бұл нысан қысқа мерзімде салынып, іске қосылып отыр. Соған орай құрылтайшыларға, мұның жоба-жоспарын дайындаған инженер-құрылысшыларға өз ризашылығымды білдіремін. Кәсіпорын ұжымына сәттілік тілеймін,-деді телекөпірден соң жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

www.zhaikpress.kz

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале